Рамазан – рухани мектеп
Рамазан – мұсылман үмбеті үшін ең қасиетті айлардың бірі. Бұл ай – адамның нәпсісін тәрбиелеп, рухани тазаруына, сабырмен тақуалыққа жетуіне мүмкіндік беретін ерекше уақыт. Рамазан айында мұсылмандар ораза ұстап қана қоймай, жүрек тазалығына, жақсы мінезге, қайырымдылыққа және Аллаға жақындауға ерекше көңіл бөледі. Бұл айдың қадірі мен қасиеті Құран аяттарында және Мұхаммед пайғамбар хадистерінде кеңінен баяндалған.
Рамазан – мұсылман күнтізбесінің тоғызыншы айы. Бұл айдың ерекшелігі – дәл осы айда Құран түсе бастаған. Сондықтан Рамазан – тек аш жүру айы емес, ол – Құранмен жақындасу, жүректі жұмсарту, рухани жаңару айы. Ораза ұстау арқылы адам сабырлыққа үйренеді. Нәпсісін тәрбиелейді.
Рамазан – тек жеке құлшылық емес, қоғамдағы мейірімділік пен бірлікті күшейтетін ай. Ораза адамның ішкі дүниесін өзгертеді. Аштық пен шөл арқылы адам өзінің әлсіз екенін түсінеді. Алланың берген нығметтерін бағалайды, тілін, көзін, ойын жамандықтан қорғайды.
Шынайы ораза – тек ас-судан тыйылу емес. Ол – жаман сөзден, өсектен, өтіріктен, зұлымдықтан тыйылу. Пайғамбар хадисінде: «Кімде-кім жаман сөз бен жаман істі тастамаса, Аллаға оның ішіп-жеуден тыйылғаны қажет емес» – деп айтылған. Рамазан – кешірім мен мейірім айы. Бұл айда күнәлар кешіріледі, дұғалар қабыл болады. Сауаптар еселенеді. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі» – деген. Рамазан – адамдар арасындағы ренішті ұмытып, кешірім сұрайтын ең жақсы уақыт.
Рамазанның ең маңызды түндерінің бірі – Қадір түні. Бұл түнде жасалған құлшылық 1000 айдан артық сауапқа тең. Бұл түн: Періштелер түсетін түн; Тыныштық пен береке түні; Дұға қабыл болатын түн. Сондықтан мұсылмандар Рамазанның соңғы он түнінде құлшылықты күшейтеді.
Рамазан – тек діни міндет емес, ол – рухани мектеп. Бұл айда адам сабырлықты, мейірімділікті, кешірімділікті, тақуалықты үйренеді. Рамазан – адамның Аллаға жақындайтын, жүрегін тазартатын, өмірін дұрыс арнаға бұратын ай.
Бақытжан Асқарұлы Илесов
Ақтөбе ауыл мешітінің молдасы


18 Наурыз 2026
29 Рамадан 1447

