Ораза айт – мұсылман қауымының ұлық мерекесі

Ораза айт – мұсылман қауымының ұлық мерекесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінде мұсылман қауымы үшін ерекше мәнге ие екі үлкен мереке бар. Оның бірі – Ораза айт болса, екіншісі – Құрбан айт. «Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «мейрам», «қуаныш» деген мағынаны білдіреді. Ораза айт – қасиетті Рамазан айы аяқталғаннан кейін басталатын шәууал айының бірінші күні атап өтілетін ұлық мереке.

Бір ай бойы ораза ұстап, нәпсісін тәрбиелеп, құлшылыққа ден қойған мұсылман қауымы үшін бұл күн – ерекше қуаныш пен шүкіршілікке толы мереке. Ораза айт – мұсылмандардың отыз күндік ғибадатынан кейін Алла Тағалаға шүкір етіп, жақсылық пен ізгілікке ұмтылатын, бауырмалдық пен мейірімділікті арттыратын күн. Шариғат бойынша Ораза айт мерекесі бір күн болып есептеледі. Дегенмен қазақ халқының кеңпейіл дәстүріне сәйкес айт мейрамы үш күн бойы тойланып келеді. Осы күндері адамдар бір-бірінің үйіне барып, айттап, ренжіскен жандар татуласып, үлкендерге құрмет көрсетіп, жетім-жесір мен мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Бұл – халқымыздың ізгілік пен бауырмалдықты дәріптейтін асыл дәстүрінің көрінісі.

Айт күні мұсылман қауымы үшін бірқатар игі амалдарды орындау құпталады. Соның бірі – пітір садақасын беру. Пітір садақасы Рамазан айы басталған сәттен бастап айт намазы оқылғанға дейін берілуі тиіс. Хадис кітаптарында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға Рамазан айында пітір садақасын беруді міндеттегені айтылған. Пітір садақасының мәні – мұқтаж жандарға көмектесу және ораза ұстаған адамның кемшіліктерін толықтыру.

Сондай-ақ айт күні Алланы ұлықтап, тәкбір айту – мұсылман баласына сауапты амалдардың бірі. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінде: «Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар әрі Алланы ұлықтаңдар» деп айтылған.

Айт мерекесінің ең маңызды амалдарының бірі – айт намазын оқу. Айт намазы – мұсылмандардың бір жерге жиналып, бірлік пен бауырмалдықты көрсететін ерекше құлшылық. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде айт намазын бірде-бір рет қалдырмағаны хадистерде баяндалады.

Сонымен қатар айт күні намазға барар алдында құрма жеп шығу – сүннет амал. Бұл оразаның аяқталғанын және мерекенің басталғанын білдіреді. Бұдан бөлек, ғұсыл құйынып, таза әрі әдемі киім киіп, хош иіс себіну де айт күнінің көркем әдебіне жатады. Өйткені тазалық – Ислам дінінде ерекше мән берілетін құндылықтардың бірі.

Айт – адамдарды қуантатын, мейірімділік пен ізгілікке үндейтін мереке. Қазақ халқының дәстүрінде айт күндері балалар айттық сұрап, үлкендер оларды қуанышқа бөлейді. Адамдар бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, дастарқан жайып, туыстық қарым-қатынасты нығайтады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күні адамдарды бір-біріне сәлем беріп, жақсылық жасап, туыстық қатынасты күшейтуге шақырған. Өйткені айт – тек мерекелік көңіл күй ғана емес, адамдардың жүрегін жақындастырып, қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтатын ұлық күн.

Ораза айт – шүкіршілік пен қуаныштың, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Алла Тағала баршамызға осы ұлық мейрамның берекесін сезініп, жасаған құлшылықтарымызды қабыл етуді нәсіп етсін. Айт мерекесі барша мұсылман қауымына құтты болсын!

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: