Әрбір өркениеттің, әрбір ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Түрлі халықтардың тарихын зерттеген ғалымдар жер бетінде ешқашан дінсіз, наным-сенімсіз қоғам болмағанына көз жеткізген. Адамзат сан алуан ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшелігі, тілі мен дәстүрі, діни ұстанымы бар.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз» деген. Тағы бір хадисінде: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді», – деп білімнің маңыздылығын айқындаған. Осы орайда Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде жамағат арасында ауданның бас имамы Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүр» кітабы негізінде кезекті сұрақ-жауап кеші өтті. Шара барысында қатысушыларға ұлттық салт-дәстүр мен діннің сабақтастығы жайында сауалдар қойылып, мазмұнды пікір алмасу өрбіді.
Белсенділік танытқан жамағатқа алғыс білдіріліп, арнайы сыйлықтар табысталды. Мұндай тағылымды кездесулер имандылық пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, діни сауаттылықты арттыруға өз үлесін қосары сөзсіз. Алла Тағала баршамыздың білімімізді арттырып, пайдалы ілім нәсіп етсін!
Ауылдық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



11 Наурыз 2026
22 Рамадан 1447

