РАМАЗАНДАҒЫ ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ: НУТРИЦИОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

РАМАЗАНДАҒЫ ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ: НУТРИЦИОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айы – мұсылман баласы үшін рухани тазару мен жүрек тәрбиесінің ерекше кезеңі. Бұл айда құлшылық күшейіп, сабыр мен тақуалыққа ден қойылады. Алайда оразаны дұрыс әрі жеңіл ұстау үшін рухани дайындықпен қатар, денсаулыққа да жауапкершілікпен қарау маңызды. Осыған орай нутрициолог маманмен арнайы сұхбат құрдық. Асия Бота ханым:

– Рамазан айында тамақтану тәртібі қалай өзгеруі керек?

– Ең алдымен түсіну керек нәрсе – ораза ағзаға стресс емес, керісінше дұрыс ұйымдастырылса, ол ағзаны тазартатын процесс. Бірақ тамақтану тәртібі міндетті түрде жүйелі болуы тиіс. Күні бойы аш жүрген соң, ауызашарда шамадан тыс тамақ жеу – ең үлкен қателік. Тамақтану екі негізгі кезеңге бөлінеді: сәресі және ауызашар. Екеуінде де тепе-теңдік маңызды.

– Сәресіде қандай тағамдарға басымдық берген дұрыс?

– Сәресі – күндізгі энергияның негізі. Сондықтан ұзақ уақыт тоқ ұстайтын тағамдар қажет. Ақуызға бай өнімдер (жұмыртқа, сүзбе, айран), баяу қорытылатын көмірсулар (сұлы, қарақұмық, тұтас дәнді нан) өте пайдалы. Сонымен қатар көкөніс қосу маңызды.

Ал тәтті тоқаштар, ақ нан, қант қосылған шай – тез қарын аштырады. Тұзды тағамдар шөлдетеді. Сондықтан сәресі мүмкіндігінше жеңіл, бірақ құнарлы болуы керек.

– Ауызашарда жиі жіберілетін қателіктер қандай?

– Бірінші қателік – бірден ауыр тамақ жеу. Дұрысы – ауызды су және құрмамен ашып, 5–10 минут үзіліс жасау. Содан кейін жеңіл сорпа немесе салаттан бастау керек.

Екінші қателік – мөлшерді сақтамау. Асқазан күні бойы тынығып тұрғандықтан, оны бірден майлы, қуырылған тағаммен толтыру ас қорыту жүйесіне ауырлық түсіреді.

Үшінші қателік – газдалған сусындар ішу. Олар асқазанды кернеп, жайсыздық тудырады.

– Су ішу режимі қалай болуы тиіс?

– Көпшілік суды тек ауызашарда бірден көп ішіп қояды. Бұл дұрыс емес. Су мөлшерін ауызашар мен сәресі аралығына бөліп ішу керек. Орта есеппен 1,5–2 литр су жеткілікті. Кофе мен қою шай судың орнын толтырмайды, керісінше сусыздандыруы мүмкін.

– Ораза кезінде әлсіздік болмас үшін не істеу керек?

– Әлсіздік көбіне дұрыс тамақтанбаудан болады. Ақуыз жетіспесе, адам тез шаршайды. Темірге бай тағамдар (сиыр еті, бауыр, көк жапырақты көкөністер) пайдалы. Сонымен қатар ұйқы режимі де маңызды. Түнгі уақытта ауыр ас ішіп, кеш жату – күндізгі әлсіздікке әкеледі.

– Рамазанда тәтті жеуге бола ма?

– Әрине, болады. Бірақ мөлшермен. Тәттіні ауызашардан кейін аз көлемде, негізгі астан соң тұтынған дұрыс. Күнделікті шәрбат, торт, қуырылған бауырсақты көп жеу салмақ қосуға және асқазан мәселелеріне әкелуі мүмкін.

– Қорытынды кеңесіңіз?

– Рамазан – тек рухани емес, дене тәрбиесінің де айы. Дұрыс тамақтану құлшылық сапасына тікелей әсер етеді. Адам өзін жеңіл әрі сергек сезінсе, құлшылыққа да ынтасы артады. Сондықтан басты қағида – шамадан тыс тамақтанбау, тепе-теңдік сақтау және суды жеткілікті ішу.

Сұқбаттасқан Ақерке Шахризатқызы. 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: