Ислам өркениетінде уақып ұғымы терең мағынаға ие әрі қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратын рухани-әлеуметтік жүйе болып саналады. Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі тоқтату, ұстау, белгілі бір нәрсені қорғап қалу деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы бұдан да ауқымды: уақып – белгілі бір мал-мүлікті Алланың разылығы үшін арнап, оны үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану.
Уақып етілген мүлік жеке меншіктен шығып, халықтың игілігіне қызмет етеді. Ол сатылмайды, мұраға қалдырылмайды, тек Алла жолындағы ізгі істерге жұмсалады. Осы ерекшелігі арқылы уақып адам баласына бұл дүниеден өткеннен кейін де сауаптың тоқтамауына себеп болады. Өйткені адам дүниеден өтсе де, оның игі ісінің жемісі қоғамға пайдасын тигізіп, сауабы иесіне үздіксіз жазылып тұрады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) сахабаларын уақып жасауға үндеп, мұсылман қоғамында қайырымдылықтың осы түрін кеңінен насихаттаған. Сахаба Жәбирдің (р.а.) жеткізуінше, жағдайы келген сахабалардың барлығы дерлік өз мал-мүліктерін Алла жолында уақып еткен. Осыған байланысты ислам шариғатында уақып – орындалуы құпталатын, сауапты сүннет амалдардың қатарына жатады.
Хадисте: «Адам баласы дүниеден өткен кезде оның барлық амалы тоқтайды. Тек үш нәрседен басқа: садақа жария, пайдалы білім және дұға ететін салиқалы ұрпақ» делінген. Ғалымдар бұл хадистегі «садақа жарияны» уақыппен байланыстырып түсіндіреді. Себебі уақып – бір рет жасалғанымен, пайдасы үздіксіз жалғасатын игілік. Мешіт салу, медресе ашу, құдық қазу, көпшілік игілігіне қызмет ететін ғимараттар тұрғызу – мұның бәрі уақыптың көрінісі.
Тарихқа көз жүгіртсек, ислам әлеміндегі көптеген мешіттер, оқу орындары, ауруханалар мен жолдар уақып есебінен салынған. Бұл – мұсылмандардың тек өз заманы үшін емес, келер ұрпақтың игілігі үшін де еңбек еткенінің дәлелі. Демек, уақып – қоғамның рухани әрі әлеуметтік дамуына үлес қосатын ұлы сауапты іс.
Уақып жасаудың ең үлкен пайдасы – ақыреттік сауаптың үзілмеуі. Дүние мүлкі өткінші, ал Алла разылығы үшін жұмсалған мүлік мәңгілік сауапқа айналады. Қиямет күні адам баласы жасаған игі амалдарын іздегенде, уақып арқылы қалдырған қайырымдылығы оған нұр болып жол көрсетеді. Сондықтан шынайы мүмін бұл дүниенің байлығын ғана емес, ақыреттің қамын да ойлайды.
Қорытындылай айтқанда, уақып – мұсылманның жүрегіндегі иманның, жомарттықтың және жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ол қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, иесіне өлгеннен кейін де сауап жаздыратын мәңгілік амал. Ендеше әрбір мүмін шамасы келгенше Алла разылығы үшін қайырымдылық жасап, артында өшпес із қалдыруға ұмтылуы тиіс. Өйткені уақып – бұл дүниеден ақыретке апаратын сауап көпірі.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


04 Наурыз 2026
15 Рамадан 1447

