Рамазан айы – Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айданда қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай.
Ислам дінінде айлар қамари болып табылады. Яғни, басталуы мен бітуі айдың қозғалысына негізделіп жасалған күнтізбе бойынша есептелетіні мәлім. Аймен саналатын болғандықтан, әр ай жиырма тоғыз немесе отыз күн болып толықтырылады. Пайғамбарымыз ﷺ «Ай (рамазан айы) туғанын көрген кезде, ораза ұстауды бастаңдар, һәм айды (шәууәл) көрген кезде айтты тойлаңдар. Егер ауа райы бұлтты болса, онда айды отыз күнге толтырыңдар», - деген. (Имам Бұхари, Муслим риуаят еткен).
Ораза – парсы тілінен енген сөз. Араб тілінде бұған «саум» делінеді. Саум – бір нәрседен алшақ тұру, адамның өз-өзін ұстауы дегенге саяды. Оразаның шариғаттағы мағынасы – екінші шапақтан бастап, күннің батуына дейін Алла тағаланың разылығы үшін тамақ ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан ұзақ тұру. Ораза Мәдина кезеңінде, һижраның екінші жылының шағбан айында “бәдір” соғысынан кейін парыз етілген. Ислам дінінің алғашқы жылдарында әр айда үш күн ораза тұтылатын. Муаз ибн жәбәл, Ибн Мәсғұд пен Ибн Аббас (р.а.) секілді алдыңғы қатарлы сахабалардың риуаят етуі бойынша, Нұх пайғамбардан (а.с.) бастап Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ дейінгі пайғамбарлар мен олардың үмбеттері әр айда үш күн ораза ұстаған делінген. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз ﷺ ашура күні де ораза ұстайтын. Алайда Алла тағала бұл үкімнің күшін жойып, Рамазан айында толық ораза ұстауды әмір еткен.
Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар». («Бақара» сүресі, 183-аят).
Пайғамбарымыз ﷺ бір сөзінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі», – деген. (Имам Бұхари, Муслим риуаят еткен).
Рамазан айында ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман адамға таңның атуынан бастап күннің батуына дейін ораза ұстау парыз. Және Рамазан айында жасалуы сүннет болған ғибадаттың бірі ол тарауих намазын оқу. Араб тіліндегі «тарауих» сөзінің мағынасы «дем алдыру, үзіліс беру» дегенді білдіреді. Тарауих намазын оқығанды әр төрт рәкағаттан соң үзіліс беріп, дем алады. Міне, осы демалысқа «тарауих» делінеді.
Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының негізгі ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз ﷺ «Кім рамазан айында (тарауих) намазын иманмен, сауабын Алладан күтіп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», - деген. (Имам Бұхари риуаят еткен).
Тарауих намазы жиырма ракағат оқылады. Әр ракағатта бір бет Құран оқып, жиырма ракағатта жиырма бет Құран оқу сүннет амал болып табылады. Қасиетті Құран Кәрім кітабы 114 сүре және 30 парадан тұрады. Әр парада 20 беттен болады. Әр күні бір пара Құран оқып, отыз күн оразада отыз пара Құранды оқыу Пайғамбарымыздан ﷺ қалған сүннет амал.
Рамазан айының ішінде қасиетті «Қадір түні» бар. Рамазан айының жиырма жетісіне сай келетін қадір түнін құлшылықпен өткізудің сауабы мол. Құран кәрім Пайғамбарымызға ﷺ осы түннен бастап түсе бастаған. Бұл түнде дұға сөзсіз қабыл болатын бір сәт бар. Бұндай қасиетті түнде тарауих намазынан кейінгі уақытты нәпіл-намаздар оқып өткізудің сауабы мол. Айша (р.а.) анамыздан қадір түні қандай дұға оқу керектігін сұрағанда: «Аллаһумма, иннәка афуун тухиббул-афуа фағфу фнни» (Уа, Алла тағалам! Сен аса кешірімдісің, кешіруді ұнатасың, мені кешіре гөр!) – деген дұғаны айтқан. (Имам Тирмизи риуаят еткен).
Сондай-ақ рамазан айындағы оразасын тамамдау және біліп-білмей істеген қате-кемістіктеріне кәффарат (төлем) ретінде берілетін немесе әр адамның жеке басы (жаратылысы) үшін берілетін «пітір» садақы бар. Пітір сөзінің тілдік мағынасы жаратылыс, ауызашар деген мағынаны білдіреді.
Пітір садақасы һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз болған жылы шариғатқа енген. Пітір садақа зекеттен бұрын уәжіп болған. Ханафи мәзһабында әрбір нисаб көлеміне ие мұсылманға пітір садақа беру уәжіп. Пайғамбарымыздың ﷺ заманында іске асырылған. Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз ﷺ Рамазан айында пітір садақасын парыз қылды. Бір сағ (2.918 г) құрма немесе бір сағ арпа беріледі. Мұсылмандардан құл немесе азат, ер немесе әйел, үлкен немесе кішілер болсын (пітір садақасын) беруі уәжіп». (Имам Бұхари, Муслим риуаят еткен).
Елімізде пітір садақаның құнын 2 кг ұнның құнымен есептейді. Биылғы 2026 жылы пітір садақаның құны 735 тг болып белгіленді. Ал, 2 кг мейізбен береміз дейтін болса 6400 тг, 2 кг құрмамен береміз десе 12400 тг болып белгіленді.
Жазылмайтын кеселі бар яки қартайғандықтан ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ адамдардың ұстауы қажет әрбір күннің орнына күніне таңертең-кешке бір кедейді тамақтандыруына «фидия» делінеді. Ораза ұстауға шамасы келмегендер фидия төлеу арқылы оразаның міндетінен құтылады, ақыретте сұралмайды. Әрі бұл қоғамдағы өзара көмектесуді қамтамасыз ететін, кедейлерге көмектесетін маңызды шара болып табылады. Бұл жайлы Құран кәрімде: «Ораза ұстауға шамасы келмегендер бір кедейді тойдыратындай мөлшерде фидия берулері қажет» (Бақара сүресі, 184 аят) деп бекітілген.
Елімізде фидияның 1 күндік құны 4022 тг болып белгіленді. Биылғы ораза 29 күннен тұрады. 19 ақпан күні басталады, 20 наурыз Ораза айт күні болып белгіленді. Фидияның құнын 29 күнге есептегенде 116 638 тг болады.
Қорыта айтқанда, Рамазан – жай ғана белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден тыйылу маусымы емес. Бұл – адамның рухын шыңдап, нәпсісін тізгіндейтін, пендені кемелдікке жетелейтін тәрбие мектебі.
Бұл айдағы басты мақсатымыз – жүрегімізді ғапылдықтан ояту, бойымызға көркем мінез дарыту және Раббымызбен болған байланысты шынайы ықыласпен бекемдеу болуы тиіс. Егер біз Рамазан айынан рухани жаңарған, мейірімді, сабырлы әрі тақуа қалпымызда шыға алсақ, онда қасиетті айдың бізге берген жемісі мен жеңісі осы болмақ.
Алла Тағала алда келе жатқан қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізіп, ұстайтын оразамызды, жасайтын құлшылықтарымыз бен қайырымды істерімізді қабыл еткей! Елімізге тыныштық, отбасымызға береке беріп, айдан аман, жылдан есен өтуді баршамызға нәсіп етсін! Әмин!
Есет Тұрдыбайұлы
Жуалы ауданының Бас имамы


04 Наурыз 2026
15 Рамадан 1447

