Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!
Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән!
Ардақты Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Ораза деген не?
Ораза араб тіліндегі «ас-соум» деген сөзден шыққан. «Ас-соум» деген сөздің мағынасы «өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу» деген ұғымдарды білдіреді. Демек ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылман баласы қасиетті Рамазан айы келгенде Аллаға шынайы құлшылық ету ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ас-судың барлық түрінен, сонымен қатар жыныстық құмарлықтан өзін шектейді, тыяды.
Алла Тағала Құран кәрімде: «Ей имам келтіргендер, сендердің алдыңғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді», -деген («Бақара» сүресі, 183-аят).
Рамазан айының оразасы Пайғамбарымыз Меккеден Мединаға һижрет қылған жылы, яғни осы һижраның екінші жылы шағбан айында әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл есі дұрыс, әрбір мұсылман адамға парыз болған. Ақыл есі дұрыс, балиғат жасына жеткен әрбәр момын ер мен момын әйелге парыз. Ал балиғат жасына жетпеген бала болатын болса, ораза ұстауы мустахаб (жақсырақ).
Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.
Пітір деген не?
Пітірараб тіліндегі «фитр» деген сөзден шыққан. «Фитр» деген сөздің мағынасы «ауыз ашу, оразадан шығу»деген ұғымдарды білдіреді. Яғни, «пітір» — оразаны аяқтау, ауыз ашумен байланысты садақа деген мағына береді.
Пітір садақа мұсылман жыл санауымен һижри екінші жылы жария етілді. Басқа садақалар мал-мүліктен берілсе, бұл садақа кісі басына беріледі. Алла Тағала Құранда: «(Садақа беріп) өзін тазартқан әрі Раббысының есімін еске алып, намаз оқыған адам, сөзсіз, мұратына жетті», – деген («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар). Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят туралы сұрағанда, ол: «Бұл аят пітір садақа жайында түсірілген», – деп жауап берген (Ибн Хузәймә).
Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және мұқтаждарды қуантатын амал.
Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі мұқтаждарды тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол пітір болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» делінген» (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).
Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі алтын нисабына (85 гр) жеткен адам беруі керек.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда, садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Пітір садақа 2 келі бидай (ұн, талқан т.б.) не мейізбен, немесе 4 келі құрма не арпамен есептеледі. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын бергені абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/210-211).
Сондай-ақ, хадистегі «бір сағ» өлшем бірлігі – 4 келі, «жарты сағ» 2 келі деп бекітілді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.
2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:
Бидай 2 кг – 318 теңге.
Ұн 2 кг – 735 теңге.
Арпа 4 кг – 514 теңге.
Мейіз 2 кг – 6400 теңге.
Құрма 4 кг – 12400 теңге.
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Осыған орай 2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге етіп белгіленді.
Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ.
Пітір садақаны Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтылған жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға берсе құба-құп.
Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа беру дұрыс емес. Пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/252).
Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.
Пидия деген не?
Пидия араб тіліндегі «фидия» деген сөзден шыққан. «Фидия» деген сөздің мағынасы «құтылу үшін бір нәрсе беру, өтелім жасау, өзінің орнына өтем төлеу»деген ұғымдарды білдіреді. «Фидия» — ораза ұстай алмайтын адамның (мысалы, өте кәрі немесе жазылмайтын ауруы бар адам) әр күнге бір мұқтажды тамақтандыруы немесе соның құнын беруі. Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау дегенді білдіреді.
Алла Тағала: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) пидия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек», – деді («Бақара» сүресі, 184-аят).
Туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына пидия береді.
Пидия садақасы – ол бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның ең аз мөлшері биыл 4000 (төрт мың) теңге деп белгіленді. Өйткені, барлық облыстардан алған мәліметтер бойынша, бір адамның ең төменгі бір мезгіл тойып ішетін ас-суының орташа құны шамамен 2000 теңгеге тура келді.
Пидияны бірден Рамазан айының басында немесе соңында беруге болады. Сондай-ақ бір айдың пидиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп берсе, оның оқасы жоқ.
Бұл садақаны халықтың мұқтаж топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасына, халі нашар мүгедек жандарға үлестірген абзал. Бекітілген пидияны (4000 теңгені) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (735 теңге) пидия береді. Оған да күші жетпесе, ештеңе бермесе де болады, Алла Тағаладан кешірім тілейді.
Алдағы уақытта науқас ауруынан айығып кетсе, дәрменсіз адам күш алса, үзірі кеткен боп саналады да, берген підиясы жәй садақаға айналады. Яғни, ол адам бұрынғы оразалардың қазасын өтейді («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/270). Өйткені, пидия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өмірінің соңына шейін жалғасуы шарт.
Рамазан айының қазасын өтей алмаған адам ажалы таяп, қайтыс болар шағында артындағыларға қалған малынан підия беруді өсиет етеді. Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады. Рамазан айының күн сайынғы оразасы үшін және қаза болған әр намазы үшін пидия беріледі. Пидияны қайтқан адамды жерлегеннен кейін беруге болады, бірақ жерлемей бұрын берген абзал.
Егер ораза ұстаған адамның ауру, әлсіздік секілді қиындық тудыратын халі уақытша құбылыс болса, қалған күндерін рамазан айынан кейін толтырып береді. Қаза оразаны үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз тұтады. Қазасын келесі оразаға шейін ұстап үлгермесе, онда ол оразаны Рамазан айынан кейін өтейді.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.
Алла Тағала елімізге құт-береке жаудырып, ұрпағымызға иман, үлкендерімізге саулық, жастарымызға ізгі жол нәсіп етсін. Рамазан айының нұры әр үйге шаттық әкелсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болсын! Әумин!
Есбол Алпысбаев
Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылы «Әл-Кәрим» мешітінің имамы


04 Наурыз 2026
15 Рамадан 1447

