Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылы «Сахаба» мешітінде «Рамазан – кешірім айы» атты рухани басқосу ұйымдастырылды. Кеш қасиетті Құран аяттарымен басталып, жамағатқа ерекше рухани әсер сыйлады. Іс-шараны ұйымдастырып, жүргізген – «Сахаба» мешіті ұстазы Аманғали Альбина.
Рухани кеш барысында ұстаздар Эльмира Аманқожақызы, Малика Аханқызы, Айгүл Жолдасқызы жамағатқа тағылымды уағыз-насихат айтып, Рамазан айының қадір-қасиеті, кешірім мен сабырдың маңызы, оразаның рухани тәрбиесі жайында кеңінен баяндады. Кеш аясында жамағат мүшелері ғибратты көріністер қойып, көпшілікке ой салатын өнегелі сахналық қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар «Сұрақ-жауап» айдары бойынша танымдық ойын ұйымдастырылып, қатысушылар діни білімдерін сынап, белсенділік танытты.
Рухани жиын мазмұнды да әсерлі өтіп, жиналған қауымға ерекше серпіліс сыйлады. Жамағат қасиетті айдың барша мұсылман үмбетіне берекелі болуын тілеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Баршамызға Рамазан айы берекелі болсын!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



05 Наурыз 2026
16 Рамадан 1447

