Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлы жамағатқа «Уақып» тақырыбында мазмұнды насихат айтты. Уақып — мұсылман қоғамындағы әлеуметтік әділеттілікті, бірлікті және тұрақты дамуды қамтамасыз ететін, мүлікті қайырымдылық мақсатына мәңгілікке бағыштайтын ізгі институт.
Ол мешіттер мен медреселер салу, емханалар ашу, мұқтаж жандарға қолдау көрсету арқылы білім мен денсаулық саласының дамуына үлес қосады. Сонымен қатар, уақып — қайтыс болған адамға үздіксіз сауап әкелетін сауапты іс. Насихат барысында уақыптың қоғамдағы негізгі рөлдері кеңінен түсіндірілді: Мұқтаж жандарды азық-түлік, киім-кешек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету арқылы қоғамдағы қамқорлық мәдениетін қалыптастыру. Медреселер, кітапханалар мен мектептерді қаржыландыру арқылы ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру.
Мешіттер, құдықтар, көпірлер мен жолдар салу және оларды күтіп ұстау. Бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайтып, өзара жәрдем мен мейірімділікті нығайту. Мүлікті Алла жолында жұмсау арқылы адамның Жаратушыға жақындауына және қоғамда берекенің орнауына ықпал ету. Қазақстан тарихында да уақып дәстүрі кеңінен қолданылып, мешіт-медреселерді қолдауға бағытталған. Бүгінде ҚМДБ жанындағы Уақып қоры осы игі дәстүрді жаңғыртып, қайырымдылық шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Алла Тағала баршамызға дәулет пен жомарттық нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


05 Наурыз 2026
16 Рамадан 1447

