Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айы келгенде жәннаттың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады» деп сүйіншілегендей, қасиетті айға деген дайындық Қордай ауданында да жүйелі түрде басталды. Ауданның бас имамы Азамат Берікұлы аудан имамдарымен арнайы жиын өткізіп, Рамазан айында атқарылатын жұмыстарды пысықтады.
Басқосу барысында тарауық намаздарын ұйымдастыру, ауызашар дастархандарын өткізу, қайырымдылық шараларын үйлестіру және жамағатпен рухани кездесулер өткізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Бас имам өз сөзінде Рамазан айы – мұсылман үшін үлкен мүмкіндік, жүректі тазартатын, сауап еселенетін ай екенін атап өтіп, имамдарды халықпен тығыз байланыста болып, бірлік пен сабырды насихаттауға шақырды. Сонымен қатар, құлшылықта ықыласты болу, ысырапшылдық пен артық даңғазадан сақтану керектігі ескертілді. Жиын соңында дін қызметкерлерінің ақсақалы дұға жасап, алдағы қасиетті айдың берекелі өтуін, ел тыныштығы мен жамағат амандығын тіледі. Алла Тағала баршамызды Рамазан айының шарапатына бөлеп, жасаған құлшылықтарымызды қабыл етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

