Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында иманмен және сауаптан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі» - деген. Қасиетті Рамазан айы - мұсылман баласы үшін рухани тазару мен нәпсіні тәрбиелеудің айрықша мүмкіндігі. Осы орайда Қордай аудандық бас имамы Азамат Берікұлы орталық «Қордай» мешітінде жамағатқа тағылымды уағыз-насихат жүргізді.
Уағыз барысында имам Рамазан айының қадір-қасиеті, оразаның тәрбиелік мәні және бұл айда жасалатын ізгі амалдардың сауабы жайында кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Рамазанның тек аштық пен шөлге сабыр ету ғана емес, жүректі тазарту, тіл мен көзді күнәдан тыю, көркем мінез қалыптастыру айы екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, бас имам жамағатты ауызбіршілікке, өзара кешірімге, ата-анаға құрмет пен туыстық қарым-қатынасты нығайтуға шақырды. Ол тарауих намазының, Құран оқудың және садақа берудің маңыздылығын айтып, әрбір мүмінді бұл айды барынша тиімді өткізуге үндеді. Алла Тағала баршамызға Рамазан айының берекесін нәсіп етіп, оразамызды қабыл еткей!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

