Әл - Фирдаус мешіті жанында ұстаз Жапекова Нұржамалдың жетекшілігімен «Бір айда бір кітап» рухани - ағартушылық жобасы ұйымдастырылуда. Жоба аясында жамағат ай сайын бір кітапты таңдап, оны жүйелі түрде оқып, талқылап, өмірлік тәжірибеде қолдану жолдарын қарастырады.
Ұстаздың айтуынша, бұл бастама - қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, рухани тәрбиені күшейтуге бағытталған. Әр кездесуде қатысушылар оқылған кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, өзара пікір алмасады.
Жиын барысында Қасиетті Құраннан білім мен оқудың маңыздылығын айқындайтын аяттар да келтірілді: «Оқы! Раббыңның атымен оқы!» ("Алақ" сүресі, 1 - аят )
Жобаға қатысушылар рухани әдебиеттермен қатар, көркем мінез, отбасы тәрбиесі, имандылық тақырыптарындағы кітаптарды да қамтып отыр. Бұл бастама жамағат арасында ауызбіршілік пен білімге деген құштарлықты арттырып, пайдалы орта қалыптастыруға ықпал етуде.
Мешіт ұжымы алдағы уақытта да осындай тағылымды жобаларды жалғастырып, көпшілікті рухани дамуға шақыра бермек.



12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

