Аудандық "Бәйдібек" мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев жамағатқа "Уақып - қайырлы іс" тақырыбында жамағатты жақсылыққа ынталандыру мақсаты үшін уағыз- насихат айтты.Асыл дініміз Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. Тілдік тұрғыда "уақып" сөзі ұстау, тоқтату, кедергі болу деген мағыналарды білдіреді. Шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп атаймыз.
Әбу Ханифадан басқа Ханафи ғалымдарының және Ислам құқықшыларының көпшілігінің пікірлері бойынша уақып мәндуп амал болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Уақыпқа Құран мен сүннет және ижмағ (Ислам ғұламаларының көпшілігінің мақұлдауы) дәлел бола алады. Алла Тағала қасиетті Құранның "Бақара" сүресінің 267-аятында: "Уа иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!" деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):"Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ" деген (имам Мүслим). Аталмыш хадиске түсіндірме берген ғалымдар: "Хадистегі "жалғасып тұратын садақа" уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді" деген.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


29 Сәуір 2026
12 Зуль-каада 1447

