Аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің наиб имамы Азамат Балхожаев жамағатқа "Арақ және зиянды заттар" тақырыбында уағыз- насихат айтты.
Жалпы, ішімдік – сөзі «ішуге болатын барлық сұйық заттарды» білдіргенімен, діни әдебиеттерде һәм еліміздің әдет-ғұрпында діни тұрғыдан ішуге болмайтын мас қылатын сұйық заттардың арнайы атауы. Фиқһ саласында бұл тақырып жалпы түрде «әл-әшриба» тармағында талқыланады. Қазақ тілінде «ішімдік» сөзімен де сол мағына, яғни, діни тұрғыдан ішуге болмайтын, мас қылатын алкогольді сұйық заттарды айтамыз. Адамзат тарихындай көне тарихы бар және барлық кезеңдер мен қауымдарда болған ішімдік және оған үйреншікті болу – Құран түскен кезеңде Хижаз араб аймағында да етек жайған әдет еді.
Ислам адамзатты зұлымдықтан, адасудан және барлық жамандық атаулыдан сақтап, заттық һәм рухани бақытқа кенелтіп, адамның жан дүниесі мен қоғамға тыныштық сыйлауды мақсат тұтқан мейірім діні болғандықтан, адамның есін жиып ауыстыратын, ақылын тұмшалайтын ішімдіктерге үзілді-кесілді тыйым салды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


29 Сәуір 2026
12 Зуль-каада 1447

