Ислам діні адамның тура жолдан адасып кетпеуі үшін әрбір істерде өз нұсқауларын белгілеп қойған. Соның ішінде айтар болсақ, ата-ана хақыларын перзенттерінің міндеттеріне жүктеп, оларға үнемі үлкен құрметтер көрсетілу керектігін бұйырады.
Анаға деген құрмет жайында Құранда Алла Тағала: «Біз адам баласына ата-анасына ізгілік қылуды өсиет еттік...., дейді. (Лұқман сүресі, 14-аят).
Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің хадисінде: "Жұмақ - аналардың табанының астында",- дейді. (Нәсәи, Ахмад риуаяттары).
Бұл хадис ананың адам өмірінде үлкен орынға ие екендігін аңғартады. Ана перзентін дүниеге әкеледі, тәрбиелейді, оның барлық қажеттіліктерін орындайды. Сол үшін анаға деген құрмет пен оның алғысын алу әр адамның борышы болып саналады. Ананың разылығын алу дегеніміз, оны құрметтеу, сөздерін тыңдау, оған қызмет ету, онымен жақсы қарым-қатынаста болу дегенді білдіреді. Нәтижесінде, ананың разылығын тапқан пенде екі өмірдің бақытына қол жеткізері сөзсіз.
Абдуллаһ ибн Омар (р.ғ.) айтады: "Ата-ананың жылағаны, демек перзентіне наразы болғандығынан хабар береді, ал бұл ең үлкен күнәлардың біріне жатады". Усама ибн Зәйдтің (р.ғ.) өз анасын құрметтегені жайлы уақиға баршамызға үлгі болады. Әңгіме төмендегідей өрбиді.
Имам Ибн Сағд рахматуллаһ ғәләйһи Мұхаммед ибн Сирриннан р.ғ. риуаят етіп айтады: "Осман ибн Аффанның (р.ғ.) дәуірлерінде бір түп құрманың бағасы мың дирһамға дейін жеткен екен. Бірде Усама ибн Зәйд (р.ғ.) өзінің бір топ құрмасын кесіп, оның дәнінен анасына апарып береді. Адамдар оған: "Сені бұған не мәжбүрледі? Бір түп құрманың бағасы мың дирһамға жетіп тұрған заманда!" дейді. Сол кезде Усама: "Анам үшін бәрін беруге дайынмын, мен үшін анамнан артық адам жоқ!",- деп жауап береді.
Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов: "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді", – деген екен. Біз дүниеге шыр етіп келгеннен бастап бойымызға бар жақсылық ана сүті арқылы дариды. Ананың жүрегі ең сезімтал, ең сенімді жүрек. Оның балаға деген сүйіспеншілігі мен махаббаты еш уақытта сөнбейді.
"Күннің шуағы-жылы, Ананың құшағы-жылы", - дегендей, дүниеде ананың балаға және барша адамзатқа деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағд ибн Абу Уаққас, Сағд ибн Малик сияқты ата-анасы мүшрік (Аллаға сенбейтін) болған сахабаларға әрдайым ата-аналары мүшрік болса да оларды құрметтеулерін және оларға жақсылықтар жасауларын бұйырған.
Абдуррахман ибн Абу Бакр р.ғ. риуаят етеді, Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш мәрте: "Сіздерге күнәлардың ең үлкендері жайында хабар берейін бе?" деді. Сахабалар: "Иә, Алланың Елшісі!" дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Алла Тағалаға серік қосу және ата-анасын зар илетіп, олардың теріс батасын алу" деп жауап береді. Анасының разылығын алған адамның екі өмірде де жолы ашық болады.
Ислам ғалымдарынан болған Ибн Шурәйх рахматуллаһ ғәләйһи шәкірттеріне мешітте дәріс беріп отырған кезде, анасы келіп: "Орныңнан тұр! Тауықтарға жем бергін!" деген кезде, дереу анасының айтқанын екі етпей, дәрісін тоқтатып, бұйрықты орындайтын болған екен. "Айып етпеңіз анашым!, сабақ беріп жатыр едім, қазір қол бос болмай тұр, кейінірек орындайын..." деген сөздер арқылы түрлі сылтаулар айтудан аулақ болған. Расында, аналарға жақсылық пен қызмет жасауда перзенттер қандай ұстанымда болу керектігін танымал тұлғаларымыз кейінгілерге осындай мысалдар мен үлгілер қалдырған екен.
Бір қария өзі тапқыр, өзі шешен екен, бір жігітті сынап бірнеше сұрау сұрап, дұрыс жауабын мақтап, қатесін өзі шешіп беріпті.
Адамгершілік дегеніміз не? – депті қария.
- Адамгершілік ақылды адамның асыл қасиеті, - депті жігіт.
Сонда қария:
- Дұрыс балам, ал адамгершіліктің өзінің жеті қасиеті бар.
Біріншісі, ақылдылық – адамгершіліктің алғашқы сатысы; екінші, сәлемдесу – адамгершіліктің бастамасы; үшінші, сыиласу – адамгершіліңтің ары мен нұры; төртінші, құрметтеу – адамгершіліктің қолдаушысы; бесінші, кішіпейілділік; алтыншы – ізеттілік; жетіншісі – мейірімділік.
Соңғы үшеуі адамгершіліктің сенімді достары – деген екен. Ақылды адамның қанша панасы бар?- депті қария.
-Ата, адамда үйден басқа пана жоқ, - депті жігіт.
-Жоға балам, елде үйің пана, үйде анаң пана. Есіңде болсын, үй анаға пана, ана балаға пана, панасыз адамның бағы жоқ.
Сөз соңында, бала кезден есімде қалған, ой-санамда жатталып қалған мына бір өлең шумағымен мақаламызды аяқтаймыз:
Бас иейік анаға,
Тастамай сөзін далаға,
Бай, патша да қара да,
Анадан туды дана да,
Қастерлейік ананы,
Тастамай сөзін далаға,
Бас иейік анаға....!
Алла Тағала баршамыздың Иман мен Ислам жолында басқан әр қадамызды мығым етіп, біздерге ақ сүтін берген, мейірімін төккен аналарымызды амандықта етіп, өмірлерін берекелі қылсын!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы


01 Наурыз 2026
12 Рамадан 1447

