Ихсан – жүректің кемелдікке ұмтылысы

Ихсан – жүректің кемелдікке ұмтылысы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласының рухани жетілу жолы – иманнан басталып, ықыласқа ұласады. Сол ықыластың ең биік көрінісі – ихсан ұғымы. Ислам ілімінде ихсан – тек құлшылық жасау емес, әрбір істі жүрек тазалығымен, шынайы ниетпен орындау.

«Ихсан» – Құранның барлық үкімдеріне риясыз берілу, иман негіздерін еш күмәнсіз толық қабылдау. Бұл – мұсылман өмірінің мәнін тереңдетіп, жан дүниесін нұрландыратын қасиет.

Ихсан – ең алдымен мүміннің Аллаға иман келтіріп, Оған құлшылық етуде, тақуа істерде және әртүрлі ғибадат түрлерінде ыждағаттылықпен орындауымен айқындалады. Яғни, ихсан – иманның ең жоғарғы көрінісі және Ислам негіздерінің ең маңыздысы. Қасиетті Құран Кәрімде ихсанға қатысты шамамен 66 аяттың болуы – оның діндегі орнының ерекше екенін көрсетеді.

Толық ықыласқа жету үшін адам баласы Алла Тағаланы үнемі зікір етіп, ғибадатқа ынталы болып, нәпсісімен күресіп, жүрегін барлық жаман қасиеттерден тазартуы қажет. Жан мен рухты тәрбиелеп, шынайы ықыласқа жетелеумен айналысатын ислам ғылымы да ихсан деп аталады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Ихсан – Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көреді», – деп, ихсанның мәнін бір ауыз сөзбен түсіндіріп кеткен. Құран аяттары да осы шындықты қуаттайды.

Нахыл сүресінің 128-аятында: «Расында, Алла тақуалар мен жақсылық жасаушылар жағында» – делінеді. Бұл жерден ихсан иелері тақуалардың өзінен де жоғары рухани дәрежеге көтерілетінін аңғаруға болады.

Сондай-ақ, Алла Тағала құлдарының әрбір ісін толық көріп, білетінін ескертеді:

«Оларға болған жайдың бәрін нақты ілімге сүйене отырып бүге-шігесіне дейін айып береміз. Біз олардың не істеп, не қойғандарынан әсте бейхабар емес едік» (Ағраф сүресі, 7-аят).

Тағы бір аятта:

«Мұнафықтар ішке бүккен сырларын да, өзара сыбырласқандарын да Алланың біліп тұратынын… әлі білмей ме?!» (Тәубе сүресі, 78-аят).

Бұл аяттар адамды сыртқы амалмен ғана шектелмей, жүрек тазалығына, шынайылыққа шақырады. Өйткені ихсан – көзге көрінбейтін, бірақ жүректе орнығатын рухани кемелдік.

Қорытындылай келе түйетініміз, Ихсан – мұсылман өмірінің шыңы, жүректің нұрға толуы, пенденің Раббысына жақындауы. Ол – әрбір істі адал ниетпен атқару, әр сәтте Алланың бақылауында екенін сезіну. Рухани кемелдікке ұмтылған жан үшін ихсан – бағыт беруші шамшырақ. Себебі ихсан бар жерде шынайылық бар, ал шынайылық бар жерде Алланың разылығы бар. Сондықтан әрбір мүмін жүрегінде ихсанды тірілтіп, өмірін ықылас пен көркем мінезге толтырса, қоғам да, адам да кемелдікке бет алады.

Көшкімбай Ержан  Қәдірханұлы

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: