18 ақпаннан 19 ақпанға қараған түн күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті, он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол Рамазан айының басталуымен ерекшеленеді. Бұл – жүректер жұмсарып, мейірім мен шапағат артып, пенде Жаратушысына бұрынғыдан да жақындай түсетін рухани мүмкіндік кезеңі. Қазақ тілінде қолданыста жүрген «ораза» сөзі араб тіліндегі «саум» ұғымына сәйкес келеді. Ораза – балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманның ниет етіп, таң атқаннан күн батқанша ішіп-жеу мен өзге де оразаны бұзатын әрекеттерден тыйылуы арқылы орындалатын ұлы құлшылық.
Бұл айдың басты екі ерекшелігі бар: біріншісі – исламның бес парызының бірі болған оразаның дәл осы айда парыз етілуі болса, екіншісі – адамзат баласын тура жолға бастайтын, ақиқат пен жалғанның, сауап пен күнәнің ара-жігін айқындайтын қасиетті Құранның осы айда түсуі. Сондықтан Рамазан – тек уақыт өлшемі емес, ол – жүрек тәрбиесінің, сабыр мен шүкірдің, рухани жаңғырудың мектебі.
Ораза ұстау кезіндегі ниет, атқарылатын ізгі амалдар мен көркем мінездің барлығы тақуалыққа жетуді көздейді. Тақуалыққа қол жеткізген жан Рамазанның берекетін шынайы сезініп, Жаратушының кешіріміне бөленіп, мол сауапқа кенеледі. Ардақты Пайғамбарымыз:
«Кімде-кім Рамазанда иманмен және сауабынан үміт етіп, ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген.
Ал Құдси хадисте:
«Адам баласының оразадан басқа кез келген амалы өзі үшін, ал ораза – Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін», – делінуі бұл құлшылықтың Алла алдында айрықша екенін білдіреді.
Оразаның сауабы тек бұл дүниемен шектелмейді. Ақыретте ораза ұстағандар жәннаттың «Райян» атты арнайы қақпасынан шақырылып, құрметке бөленеді. Бұл – сабыр мен ықыластың мәңгілік сыйы. Сонымен қатар Рамазан айының ерекше қасиеттерінің бірі – дұғалардың қабыл болатын кезеңі. Қасиетті Құранда Алла Тағала:
«Құлдарым Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын. Қашан тілесе, тілегеннің тілегін қабыл етемін», – деп баяндайды.
Бұл аят Рамазанның үміт пен мейірімге толы ай екенін айқын көрсетеді.
Шын мәнінде, Рамазан – адамның ішкі әлемін тәрбиелейтін, нәпсіні тыятын, жүректі тазартатын ерекше рухани сапар. Бұл айда жасалған әрбір жақсылықтың сауабы еселеніп, әрбір шынайы тәубе кешірімге себеп болады. Сондықтан Рамазан – тек аштық пен шөлге сабыр ету емес, ол – тіл мен жүректі жамандықтан қорғау, мейірімділік пен жанашырлықты көбейту, адамдық қасиетті жаңғырту.
Қорытындылай айтқанда, Рамазан – берекесі мол, кешірімі шексіз, мүміннің рухани кемелденуіне жол ашатын қасиетті ай. Бұл айды ықыласпен өткізіп, құлшылық пен ізгі амалдарды көбейткен жан Жаратушының разылығына жақындай түседі. Ендеше, жүректерімізді тазалап, ниетімізді жаңартып, Рамазанның нұры мен берекесін толық сезінуге ұмтылу – әрбір мұсылман үшін үлкен бақыт.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


28 Ақпан 2026
11 Рамадан 1447

