Қоғамның рухани саулығы әр адамның жеке өмір салты мен таңдауларынан басталады. Адам баласының денсаулығына, өміріне, айналасына және тұтас қоғамға қауіп төндіретін әрекеттердің бәріне Ислам діні қатаң тыйым салады. Өйткені адам – Алланың аманаты, ал оның денесі мен жаны – қорғауға тиіс қасиетті нығмет. Сол себепті адам денсаулығына зиян тигізетін, ақыл-ойды тұмандататын ішімдік пен есірткі секілді нәрселер шариғатта харам етілген. Қасиетті Құранда:
«Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашу – шайтанның арбауынан болатын лас істер. Бақытты болам десеңдер, бұлардан аулақ болыңдар…» – деп ескертіледі. Бұл аяттарда ішімдік пен құмар ойындарының адамды өзара өштестіріп, намаздан тосып, Жаратушыны естен шығаруға себеп болатыны ашық баяндалған.
Харам нәрсені пайдалану – мұсылман болмысына жат. Пайғамбарымыздан жеткен хадисте: «Барлық ішімдік ақылды адастырады, сондықтан ол – харам. Алла арақ ішушіге де, ішкізушіге де, сатушы мен сатып алушыға да лағынет етті», – делінеді. Бұл – ішімдіктің жеке адамға ғана емес, оны таратуға қатысы бар бүкіл әрекетке тыйым салынғанын көрсетеді.
Арақтың күнәсі ауыр ғана емес, зияны да сан қырлы. Ол адамның ниетін бұзып, жүрегін қарайтып, абыройын төгеді. Ақыл-есін әлсіретіп, денсаулығын құртумен қатар, отбасына, туыстарына және қоғамға орны толмас зиян әкеледі. Маскүнемдік ағайын арасын араздастырып, адамды намаз бен зікірден алыстатады, арсыздық пен опасыздыққа жетелейді. Ақшаны ысырап етіп, барлық жамандыққа жол ашады. Сондықтан да ғұламалар арақты «барша жамандықтың кілті» деп атаған.
Араққұмарлық пен нашақорлыққа түскен жан біртіндеп өзін-өзі жоғалтады. Кеше ғана сыйлы болған адамның мас күйінде қадірі қалмай, қоғамдағы орны әлсірейді. Бұл – ішімдіктің адам абыройын қалай жоятындығының айқын дәлелі. Пайғамбарымыздың: «Арақтан аулақ болыңдар, өйткені ол – барлық ластықтың қайнар көзі», – деген сөзі осы ақиқатты терең түсіндіреді.
Қазіргі ғылым да ішімдіктің зиянын толық дәлелдеді. Тіпті аз мөлшердегі спирттің өзі қысқа уақыт ішінде адамның қанына тарап, жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырларына және ми қызметіне кері әсерін тигізетіні анықталған. Демек, шариғаттағы тыйым – тек рухани емес, адам денсаулығын қорғауға бағытталған даналық.
Халқымыз «Арақ – атаңнан қалған ас емес» деп бекер айтпаған. Бізге ата-бабадан қалған ең қымбат мұра – ел, жер, тіл, діл және дін. Ендеше сол асыл құндылықтарды ішімдіктің кесірінен жоғалту – үлкен қасірет.
Қорытындылай келгенде, ішімдік – адамды рухани да, тәндік те әлсірететін қауіпті дерт. Одан аулақ болу – тек діни міндет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Саналы ұрпақ қана зиянды әдеттерден бас тартып, иман мен көркем мінезді ту еткенде қоғам түзеледі. Сондықтан әрбір жан өз өмірін қорғап, ар-намысын сақтап, ішімдіктен алыс жүруге ұмтылғаны абзал. Бұл – бақытқа бастар ең дұрыс жол.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


28 Ақпан 2026
11 Рамадан 1447

