Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Жүніс молда мешітінде әйелдер жамағатына арналған «Рамазан – береке мен сауап айы» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымды сайыс өткізілді. Шараның басты мақсаты – жамағаттың діни білімін арттыру, Рамазан айының қадір-қасиетін терең түсіндіру және рухани серпіліс сыйлау болды.
Сайыс барысында қатысушылар Рамазан айының ерекшеліктері, оразаның шарттары мен әдебі, Құранның маңызы, сауапты амалдар жайлы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдері мен дайындықтарын көрсетті. Сонымен қатар, түрлі танымдық тапсырмалар мен сұрақ-жауап бөлімдері арқылы жамағаттың белсенділігі артып, бірлік пен ынтымақтың көрінісі байқалды.
Шарада ұстаз Бота Меңдібайқызы әсерлі насихат айтып, Рамазан айының мұсылман өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бұл ай – жүректі тазартатын, сабыр мен шүкірді үйрететін, сауап еселенетін мүмкіндік айы екенін жеткізді. Әсіресе, әйел адамның отбасы тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, ананың рухани дайындығы тұтас шаңырақтың берекесіне әсер ететінін ерекше атап өтті.
Сайыс қорытындысында белсенді қатысушылар марапатталып, барша жамағатқа алғыс білдірілді. Мұндай игі шаралар әйелдер жамағатының ынтымағын арттырып, Құран мен құлшылыққа деген сүйіспеншілікті нығайта түсетіні анық.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айында жасаған амалдарымызды қабыл етіп, әрбір шаңыраққа береке мен мол сауап нәсіп етсін.
Меркі ауданы Меркі ата мешітінің баспасөз қызметі.


12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

