Жуырда әйелдер жамағатына арналған «Жүрек тыныштығы – рухани кемелдікке жол» тақырыбында ауқымды рухани іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Кештің басты мақсаты – әйел затының ішкі жан дүниесін тазарту, иманын күшейту және рухани тұрғыдан кемелденуге бағыттау болды.
Игі шара барысында Еңлік Мұратқызы ұстаз жүрек тыныштығының адам өміріндегі орны мен маңызын кеңінен тарқатып, тақырыпты әйел болмысына сай әсерлі жеткізді. Ол үміттің адамға күш-қуат беретін рухани тірек екенін, нәпсімен күресудің маңыздылығын және жүректі түрлі рухани кірден тазартудың жолдарын мысалдар арқылы түсіндірді. Ұстаздың әрбір сөзі тыңдаушылардың жүрегіне жетіп, өз-өзіне есеп беруге жетеледі.
Сонымен қатар, Иманалиева Жазира ұстаз Алланың разылығына жетудің жолдары, әйел мен ер адамның жаратылысындағы ерекшеліктері және олардың бір-біріне деген жауапкершілігі жайлы тағылымды уағыз айтты. Ол отбасының берекесі әйелдің жүрегіндегі тыныштық пен иманға тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар көкейіндегі сұрақтарына жауап алып, рухани азықпен сусындады. Кеш соңында жамағат мұндай тағылымды кездесулердің жиі ұйымдастырылуын тілеп, ұйымдастырушылар мен ұстаздарға алғыстарын білдірді.
Меркі аудандық Меркі ата мешітінің баспасөз қызметі.



12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

