Тараз қаласында орналасқан «Һибатулла Тарази» мешіті Рамазан айына арналған брифинг өткізді. Жиынға өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Баспасөз мәслихатында қасиетті айдың өту тәртібі, ұйымдастырылатын рухани іс-шаралар, Қадір түні мен пітір садақасына қатысты мәселелер кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы жолдаған үндеу таныстырылып, діни басқарма бекіткен іс-шаралар жоспары жария етілді.
Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Рамазан айының рухани маңызына тоқталып, бұл кезеңнің мұсылман қауымы үшін сабыр мен тақуалықты арттыратын ерекше уақыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылы Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. 16-нан 17 наурызға қараған түн – Қадір түні, ал 20 наурыз – Ораза айт мерекесі болып белгіленді.
Брифинг барысында биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып бекітілгені хабарланды. Бұл сома 2 келі ұнның орташа нарықтық бағасы негізінде есептелген. Сондай-ақ пітір садақасын құрма немесе мейіз құнымен беруге мүмкіндік бар екені айтылды.
2026 жылға арналған пітір садақасының мөлшері:
– бидай 2 кг – 318 теңге;
– ұн 2 кг – 735 теңге;
– арпа 4 кг – 514 теңге;
– мейіз 2 кг – 6400 теңге;
– құрма 4 кг – 12400 теңге.
Шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етілетіндіктен, қазіргі қоғамда кең қолданылатын ұн негізге алынғаны түсіндірілді. Пітір садақасын Рамазан айының алғашқы күнінен бастап беруге болады. Ал уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Айт намазына дейін беру – мұстахаб амал.
Сонымен қатар, підия мөлшері бір адамның бір күндік тойымды асы көлемімен есептеліп, 4000 теңге болып белгіленді. Қасиетті айда мешіттерде ауызашарлар ұйымдастырылып, рухани-танымдық шаралар өткізілмек.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



18 Ақпан 2026
1 Рамадан 1447

