Асату — қазақ халқының көне әрі көркем ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бұл ғұрыпта үлкен кісі өз қолымен табақтан дәм ұсынып, «аузыңнан дәм кетпесін», «ырысың арта берсін» деген ізгі ниетін білдіреді. Асату — жай ғана ас беру емес, рухани тәрбие мен батаның, үлкеннің ықыласы мен мейірімінің белгісі.
Ислам діні де асқа құрметпен қарауды, бөлісуді, өзгеге дәм ұсынуды құптайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Араларыңда тамақты бөлісіңдер, береке сонда», — деп, берекенің негізі бөлісуде екенін ескерткен. Ас ұсыну — садақаның бір тармағы. Ал ниет таза болса, оның сауабы да мол болмақ.
Асату кезінде үлкеннің қолынан дәм алу — кішінің әдептілігі мен үлкенге деген құрметінің көрінісі. Бұл — халқымыздың «үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасын өмірде жүзеге асыратын тәрбиелік дәстүр. Аталған ұстаным исламдағы ата-анаға, қарияға құрмет көрсету туралы бұйрықтармен толық үндеседі.
Қорыта айтқанда, асату — дінге қайшы келмейтін, керісінше исламның береке, мейірім мен бауырмалдық қағидаларымен сабақтасқан ұлттық дәстүр. Ниет Алла разылығы үшін болса, әрбір ұсынылған ас құлшылыққа айналады.
Ахат Қайыпбергенұлы,
Қаратау қаласы «Әбдірашит ата» мешітінің имамы


02 Ақпан 2026
14 Шаабан 1447

