Бүгінгі жаһандану дәуірінде жемқорлық адамзаттың алдында тұрған ең үлкен мәселелердің біріне айналуда. Мұны індет десе де болады. Бұл індеттің зардабы сондай, мемлекетті құрдымға ұшыратып, елдің экономикалық даму жолын әлсіретіп, қоғамда әділетсізді күшейтеді.
Жемқорлық сөзін "Коррупция" деп те атап жатады. "Коррупция" атауы латынның "corruptio" сөзінен алынған. Мағынасы "бұзу" , "парақорлық" дегенді білдіреді. Ғылыми мағынасына келер болсақ "Мемлекет қызметшілері, мансапты адамдар, немесе қандай да бір жеке тұлғалар өз қызметтерін асыра пайдалана отырып заңсыз әрекеттерге бару" дегенді білдіреді.
Жемқорлықтың ең кең таралған көріністері:
– пара алу және пара беру;
– таныс-тамырларын қолдау, қуаттау;
– мемлекет дүниесін талан-тараж ету;
– тендерлер, түрлі шартнамаларда заң бұзу;
Халықаралық ұйымдар немесе мемлекет тарапынан болса да жемқорлыққа қарсы күрес үшін түрлі шаралар жасалып жатса да бұл індетті түбегейлі құрту оңайға соқпай жүргені өтірік емес. Жеке ойымызды айтар болсақ бұл қылмысты бір тоқтатса имандылық жолы ғана бұғаттауы мүмкін деген тұжырым жасадық. Өйткені әр адам Жаратушының заңына бағына бағынып, бұл істің ақыретте жазасы қатты болатынын ескергені дұрыс.
Ислам шариғатында жемқорлықты (ришуа) пара дейді. Мағынасы "халық мүлкіне қол соғу" ,"өзгелерге қиянат жасау" деп айыптайды. Ислам діні адамдарды аманатқа қиянат жасамауға, әділетті болуға шақырады.
Алла Тағала мүшріктерді сипаттаған кезде, солардың қатарында "пара берушілер мен пара алушылар" деп те сипаттаған. Құран аятында, яғни Мәида сүресінің 42 - ші аятында : "Олар (имансыздар) жалған сөздерге құлақ салатындар және арамды (параны) жейтіндер", дейді. Сондай ақ жоғарыдағы сүренің 2-ші аятында: "Уа, иман келтіргендер! Ізгі істерде, сондай-ақ тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда бір-біріңе болыспаңдар. Аллаға лайықты түрде тағзым етіңдер, Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар. Шүбәсіз, Алланың жазасы тым қатты",- дейді. (Мәидә сүресі, 2-аят).
Жемқорлықты алдау жолы деп түсінуіміз керек. Пара алушы мен пара берушінің ақыреттегі үкімі жайында Ибн Омардан р.ғ. риуаят етілген хадис анық түсіндіріледі, яғни хадисте: "Пара алушы да, параны беруші де тозақтық" делінеді. (Имам Тәбәрани). Әл-Хәлуани рахматуллаһ: "Пара дегеніміз - шелекті құдыққа су тартып алу үшін жасырын түрде жіберу" деп түсіндірген. Яғни өз мақсатына жеңіл жолмен жету үшін өзгенің құқығын таптап, ақша беру немесе сатып алу дегенді аңғартады. Мемлекет және халықтың халқына қол сұққан, өзіне сеніп тапсырылған аманатқа қиянат жасаған жағдайы арғы өмірде қиын болатыны жайлы Құранның Әли Ғымран сүресінің 161 ші аятында: "Кімде кім сеніп тапсырылған аманатқа қиянат жасайтын болса, қиямет күні сол қиянатымен алдымызға келтіріңдер...." деп баяндайды. Жоғарыдағы келтірілген дәлелдерден біздерге аян болады, жемқорлық қоғамды төмен деңгейге түсіретін, адамды ашкөздікке үйрететін, соңы пәлекетке толықтыратын, сондай - ақ әділдік тамырларын қиюшы қауіпті бір індет болып саналады екен.
Имам Зәһәби айтады: "Әй, адам баласы! Сен жер бетіне жылап келдің ата-анаң сені қуанышпен қарсы алып, күтіп алды. Әй адам баласы! енді сен бұл дүниеден кетпестен алдын қоғамды, елді жылатпай, халық, дін, бауыр, туыс алдында өз борышымды дұрыстап атқарып, қауымыңды жылатпай кеткін, сенің артыңнан тек жақсы сөздер айтылатын болсын!" деген екен.
Жемқорлықты күнә деп жатырмыз, біздер мынаны біле жүруіміз керек, бұл күнә жай ғана заң бұзу емес, ол әділеттілік пен адалдықтың жойылуы, ұлттың рухани құндылықтарының құлдырауы.
Сөз соңында айтарымыз, Жаратушымыз бізге шынайы иман мен тақуалық, әділеттілік пен адалдықты сақтауды нәсіп етсін! Қиындықтар мен сынақтарда табандылық танытып, арамдықтан аулақ болайық. Ұрпаққа таза, әділ, берекелі қоғам қалдыру, қалыптастыру әрқайсымыздың міндетіміз. Жемқорлықтың зардабы адам баласын тойымсыздыққа, ашкөздікке апарып, жазылмас жараға ұласады. Нәтижесінде адам тек өзінің пайдасын, тек өзінің қалтасын ойлап тұрады. Өзімізді де ұрпақтарымызды да бұл індеттен сақтандыру әр мұсылманның борышы болып саналады. Еліміз амандықта, жұртымыз тыныштықта болсын!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы


23 Қаңтар 2026
4 Шаабан 1447

