Дін мен дәстүр – егіз ұғым

Дін мен дәстүр – егіз ұғым

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі кезеңде ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтау – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Соңғы жылдары жастар арасында «дін» мен «дәстүр» арасындағы байланыс жайлы түрлі пікірлер туындап, кейде бұл екі ұғымның қатар өмір сүретінін түсінбеу, бірін екіншісіне қарсы қою сияқты мәселелер байқалып жүр. Шындығында, қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымы ислам дінімен етене байланысып, ғасырлар бойы бірге дамыды. Сондықтан қазақ үшін дін де, дәстүр де – рухани тірек, адамдық қасиеттің негізін құрайтын егіз ұғым.

Барлық адамның шығу тегі бір болғанымен, әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Аятта айтылғандай, ұлыстар мен тайпалар бір-бірін тану үшін жаратылған. Демек, дәстүр — халықтың жадын сақтайтын, ұлтты ұлт ететін құндылық. Егер салт-дәстүр жойылса, халықтың өзі де жоғалатыны анық.

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен дүниетанымы Исламмен өзара үйлесім тапқан. Қазақ қонақжайлығы, үлкенді құрметтеу, жетім-жесірге қамқор болу, аманатқа адалдық, әділдік, көрші ақысы, жеті атаға дейін қыз алыспау — мұның барлығы Ислам тәрбиесінің ұлттық сипатқа айналған үлгісі. Нахыл сүресінің 90-аятындағы «Алла әділдікті, жақсылық жасауды, ағайынға қолдау көрсетуді әмір етеді» деген үкім қазақ тұрмысынан ерте кезден орын алған. «Жақсының жақсылығын айт» деген мақалдар да шариғат құндылықтарымен үндес.

Қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуі де Ислам ілімінің әсері. Пайғамбарымыз: «Үш қызын жақсылап өсірген адам жәннатқа кіреді» дегенде, қазақ халқы қызды өріс, ұлттың абыройы деп әспеттеп, «Қыздың жолы жіңішке» деп тәрбиеге басымдық берді. Қызды төрге отырғызу, қонақ деп сыйлау — исламдық мейірім тәрбиесінің ұлттық мәдениетке айналған бейнесі.

Қазақтың мәдениеті мен Исламның өзара кірігуін халық даналығынан да байқаймыз. Мысалы, «Әдептілік — әдемілік», «Аманатқа қиянат жүрмейді», «Жетімге жебеу бол» сияқты нақылдар шариғаттағы негізгі тәрбие ұстанымдарын айқын көрсетеді. Қазақ табиғаты мен Ислам тағылымы бір-бірінен алшақ емес, қайта бірін-бірі толықтырып, рухани бірлік туғызған.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) адамгершілік пен мейірімге тәрбиелеуді Исламның басты қағидаларының бірі етіп қалдырған.
«Рақым көрсетпегенге, рақым көрсетілмейді» (Бұхари, Әдеп,18), 
– деп, қоғамдағы әрбір адамның бір-біріне қамқор, жанашыр болуын өсиет етеді. Қазақ халқының дәстүрлері осы хадистің мазмұнымен үйлесіп, ұлттық деңгейде көрініс тапқан. «Жетім көрсең – жебей жүр» деген сөз – әлсізге қамқор болу міндетін еске салатын рухани бағдар. Ал «Асарға шақыру» дәстүрі – бір-біріне көмектесу мәдениетінің ежелден қалыптасқан үлгісі. «Сауын айту» да қиын жағдайда қалған адамға қол ұшын созу арқылы қоғамдағы ортақ жауапкершілікті күшейткен.

Халқымыздың «Бата беру» дәстүрі — жақсы тілек пен дұғаны бірге жеткізу мәдениеті. Бұл әрекет шариғаттағы жақсы сөз айту, тілек тілеу ұғымына сәйкес келеді.

«Құран бағыштау» – марқұмдарды еске алып, сауап сыйлау ниетінен туған салт.

«Жеті ата» қағидасы – туыстық байланысты сақтау, отбасылық тазалық пен қоғам бірлігін қамтамасыз ететін жүйе.

Қорыта айтқанда, дін мен дәстүр – қазақ халқының рухани болмысы мен мәдени келбетінің ажырамас қос тірегі. Дін адамды имандылыққа, әділдікке, мейірімге, жауапкершілікке үндесе, дәстүр осы құндылықтарды қоғамда бекітіп, күнделікті өмірде жүзеге асыратын тәжірибелік тәрбие мектебі болып қызмет етеді. Қазақ дүниетанымындағы әрбір ізгі әдет, әрбір тыйым, әрбір өнеге – шариғат негіздерімен астасып жатқан рухани сабақтастықтың жемісі.

Ұлттың ұйытқысы болған бұл екі құндылықтың үйлесімін сақтау – тек өткенге құрмет қана емес, келешекке деген жауапкершілік. Өйткені дінінен ажыраған халық – бағытынан жаңылады, дәстүрінен айырылған жұрт – тамырынан айырылады. Сондықтан дін мен дәстүрдің тұтастығын сақтау – ұлттық сананы жаңғыртудың, қоғамдық татулықты нығайтудың, ұрпақ тәрбиесін кемел етудің маңызды кепілі.

Көшкімбай Ержан Кәдірханұлы

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: