Отбасы – адамзат өмірінің ең маңызды ұясы, қоғамның негізін құрайтын қасиетті орда. Ислам дінінде отбасы ерекше іргелі орынға ие. Өйткені қоғам тыныштығы мен ұлттың болашағы ең алдымен – шаңырақтың берекесіне байланысты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарым-қатынас жасағандарың» деп, жанұядағы әдебі мен мейірімі көркем мұсылманның басты белгісі екенін айтқан.
Алла Тағала Құранда жұбайлар арасындағы қатынас жайлы:
«Олардың араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салды» («Рум» сүресі, 21-аят) деп баяндайды.
Бұл аят отбасының тек заңдық келісім емес, екі жүректің бірлігінен, мейірім мен түсіністіктен құралатынын көрсетеді.
Ислам әйел мен ердің қосылуын биологиялық қажеттілік шеңберінде ғана қарастырмайды. Отбасы адамның рухани қажеттіліктерін де өтейтін орта. Мұсылман жанұясында ер мен әйелдің әлеуметтік деңгейі немесе ерекшеліктері екінші орынға ысырылады. Өйткені бірінші кезекте екеуінің рухани жарастықтары, бір-бірімен тіл табысуы мен сыйластығы тұрады. Мәселен, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хадиша (р.а.) анамызбен құрған шаңырағы арқылы тату отбасының үлгісін паш еткен.
Ислам дінінде мұсылман ер мен әйелдердің өзіндік міндеттері белгіленген. Ол бойынша ер кісілерге отбасын асырау, жанұя мүшелерін барлық жағынан қамтамасыз ету міндеттелсе, әйел кісілерге күйеулеріне бағыну, бала тәрбиесін қадағалап, күйеуінің мүлкін ұқсатып ұстау, ар-ұяттарын қорғау, отбасы абыройына дақ түсірмеу міндеттелген. Өйткені ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы отбасының тұрақтылығының кепілі. Отбасының берік болуы әйел мен еркектің теңдігінен гөрі екеуінің бір бүтінді құрауына, әрқайсысының өзіне тиесілі міндеттерін атқаруына байланысты.
Тағы да тағылым тұнбасы-хадистерде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты» деп, әйелді отбасы берекесінің ұйтқысы ретінде белгілеген.
Исламда ата-анаға құрмет – ең үлкен ғибадаттардың бірі. Құранда Алла Тағала:
«Раббың тек өзіне ғана құлшылық етулеріңді және ата-анаға қамқор болуларыңды бұйырды» («Исра» сүресі, 23-аят), – деп әмір етеді.
Ата-ана разылығын алу – әрбір мұсылманның парызы. Халқымыздың «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да ақ сүтін өтей алмайсың» деуі шариғатпен астасқан түсінік.
Пайғамбарымыз (с.а.с) да: «Жәннат – аналардың табанының астында»,
«Әке – жәннаттың қақпаларының бірі»
деп, ата-ананың қадірін айрықша атап өткен.
Исламдағы отбасы – шағын мемлекет тәрізді. Онда тәртіп те, әділет те, мейірім де, жауапкершілік те болуы қажет. Қандай қоғам болсын, отбасысы қандай болса – болашағы да сондай болады. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөздері Асыл дінімізбен толық үндеседі. Тұрақты отбасысы бар қоғам – берекелі қоғам. Шаңырағы шайқалған ұлттың ертеңі де бұлыңғыр. Сондықтан Ислам отбасын қорғауды – діннің ең маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады.
Бүгінгі таңда отбасы институтын сақтау – әр мұсылманның, әр азаматтың ортақ міндеті. Имандылыққа негізделген, мейірімге толы, тәрбиесі кемел отбасы – мықты қоғамның бастауы, берекенің қайнары, ұлттың мәңгілік тірегі.
Көшкімбай Ержан Кәдірханұлы
Мойынқұм ауданының бас имамы


06 Желтоқсан 2025
15 Джумада-сани 1447

