Адам баласы бұл дүниеде де, ақыретте де әрдайым жақсылыққа мұқтаж. Жақсылық — қоғамның тірегі, жүректің шипасы, адамгершіліктің көрінісі. Бірі сөзбен, бірі мал-мүлікпен, бірі іспен, бірі рухани қолдаумен қайыр қылады. Қоғамның дамуы үшін адамдар арасындағы теңдік пен үндестік қажет. Ал байдың кедейге, қуаттының әлсізге, мүмкіндігі бардың мұқтаж жанға көмектесуі — адамзат өркениетінің бұлжымас заңы.
Дегенмен жақсылық жасаудың да ең жоғарғы, ең қасиетті түрлері бар. Солардың ішінде уақып — тұлға үшін де, қоғам үшін де, дүниеде де, ақыретте де сарқылмас сауапқа бастаушы ең ұлы амалдардың бірі.
Уақып — сөздікте «ұстау», «тоқтату» деген мағынаны білдіреді.
«Белгілі бір мүлікті (жарамсыз болғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану».
Бұл — садақаның ең жоғары дәрежесі. Өйткені уақып ретінде берілген дүние адамның өмірімен шектелмейді, керісінше оның әрбір тамшысы, әрбір тасы, әрбір кірпіші үшін Қияметке дейін сауап жазылып тұрады.
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Жақсы көрген малдарыңды Алла жолында жұмсамайынша, толық ізгілікке жете алмайсыңдар» («Әли Имран», 92-аят). Бұл — уақыптың рухани негізін айқындайтын ұлы үндеу.
Аят түскенде, сахаба Әбу Талха (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Менің ең жақсы көрген дүнием — Байруха бағы. Мен оны Алла жолында уақып етемін» — деді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Бұл — нағыз табысты дүние! Мен оны туыстарыңа беруіңді құп көремін», — деп жауап қатты. Осылайша алғашқы уақыптардың бірі жасалды.
Сахабалардың өмірі — уақып рухының тірі айғағы. Олар малдарын, жерлерін, су көздерін, бақтарын уақыпқа айналдырып, өзінен кейінгі ұрпаққа шексіз жақсылық қалдырды.
Абдулла ибн Омар жеткізген атақты хадисте:
Хазіреті Омар Хайбардан алған жерін Пайғамбарымыздан (с.а.с.):
«Менің бұл жерім — меншігімдегі ең құнды дүние. Онымен не істегенім абзал?» — деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер қаласаң, оны уақып ет. Өзінен пайда алуға болмайды, тек пайдасын садақа қыласың», — деп кеңес берді.
Осы сәттен бастап Омар ол жерді уақып ретінде бекітті. Ғалымдар мұны «Ислам тарихындағы алғашқы ресми уақып» деп есептейді.
Мәдинада бір құдық — Рума құдығы — яһудидің иелігінде болды. Халық суға зәру еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Рума құдығын кім сатып алып, мұсылмандарға уақып етсе — Жәннатта сондай құдығы болады», — деді.
Осман (р.а.) дереу барып құдықтың жартысын сатып алды. Халық оның күнінде тегін су алды да, екінші күні — яһудидің кезегінде — ешкім бармай қойды. Ақыры яһуди құдықтың қалған бөлігін де сатуға мәжбүр болды. Сөйтіп, бүкіл құдық толығымен мұсылмандарға уақып етілді. Осы ісі үшін Османға Пайғамбарымыз ерекше ризашылық білдірді.
Ата-бабамызда асыл дініміздің дінгегін түсіне білген. Уақып — біздің ұлттық мұрамыздың да бөлігі. Айта кетсек, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Ақсақ Темірдің уақып ретінде қалдырған ұлы амалы. Құнанбай қажы Меккеде «Тақия» қонақ үйін уақып етіп, қажыларға тегін уақытша баспана қылған.
Абай бұл туралы:
«Меккеде уақып үй салып,
Бір құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты», — деп толғанған.
Алаш зиялылары да уақып институтын дамыту үшін еңбек етті. Міржақып Дулатұлы мешіт пен медресе салу ісін уақыппен қаржыландыруды ұсынған.
Уақып — өткен бабалардың өркениетін қалыптастырған, бүгінгі қоғамға серпін берген, болашақты сәулелендіретін ұлы іс. Бұл — өшпес сауаптың жолы, рухани жомарттықтың шыңы, адам баласының өзінен кейін қалдыратын ең ізгі мұрасы. Әрбір мүмін өз мүмкіндігіне қарай уақып жасауға ниеттенсе — қоғамымыз да, дініміз де, ұрпағымыз да берекеге бөленеді.
Көшкімбай Ержан Кәдірханұлы
Мойынқұм ауданының бас имамы


06 Желтоқсан 2025
15 Джумада-сани 1447

