Ішімдіктің зияны

Ішімдіктің зияны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала адамзатқа адал еткен нәрселерінің барлығында – пайда, ал арам еткендерінің барлығында екі дүниеге зиян бар екенін ескерткен. Сол арам етілген дүниелердің ең қауіптілерінің бірі – ішімдік. Дінімізде «ішімдік» деп адамның ақылын тұмандатып, жүрегін қарайтатын, санасын улайтын масұрлық сусындар аталады.

Құран Кәрімде Алла Тағала «Мәида» сүресінің 90–91-аяттарында былай дейді:

«Уа, иман келтіргендер! Арақ, құмар ойын, пұттар және көріпкелдік жебелер – шайтанның лас істерінен. Одан аулақ болыңдар, құтыларсыңдар! Шайтан арақ пен құмар арқылы араларыңа дұшпандық салып, Алланы еске алудан және намаздан алаңдатуды қалайды. Тоқтатпайсыңдар ма?!»

Осы аяттың өзі-ақ ішімдіктің адамға тек зиян әкелетінін анық көрсетеді. Дінімізде харамның екі түрі бар:

  1. Жаратылысынан харам нәрселер;
  2. Адалдан кейін харамға айналған нәрселер.

Жүзім, бидай, құрма – адал. Бірақ ашытылып, адамды мас ететін күйге түскенде – харам. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Барлық мас қылушы – арақ, және барлық мас қылушы — харам»
(имам Тирмизи) – деп үкімді нақты айтқан.

Халық даналығы да ішімдіктің зиянын ғасырлар бойы ескертіп келген: «Арақ – атаңнан қалған ас емес.», «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де.», «Қызың арақ ішсе – қызығың кетеді, ұлың ішсе – ырысың кетеді.»

Бауыржан Момышұлы: «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ», – деп бекер айтпаған. Жүсіп Баласағұни бабамыз да: «Шарап ішпей, бәледен жүр қашықта…Шарап, зина – кедейліктің тонын кигізер» – деп зиянын өсиет еткен.

Ішімдіктің ең үлкен үш зияның айта кетсек олар:

1. Адамның ақылын жояды

Құранда арақ «хамр» деп аталады, мағынасы – «жабу, тұмшалау». Себебі ол адамның ақылын тұмшалап, ең қымбат нығметтен айырады. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а): «Арақ адамды тақуалықтан жұрдай етеді», – десе, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Иман мен араққа мас болу бір жүректе бірге тұрмайды» (имам Байһақи) – деп ескерткен.

Арақ ішкен адам өз ісін бақылаудан қалады, ұятын ұмытады, тілін тыймайды, отбасымен араздасады, қаншама күнәға жол ашады.

2. Күнәға және басқа қылмыстарға жетелейді

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Арақ он түрлі жағынан қарғысқа ұшырады: оны ішуші, сатушы, құятын, алып келуші, пайдасын жейтін… бәрі қарғысқа қалған» (имам Әбу Дәуд) – деп бұл істің қауіптілігін ескерткен. Арақ көптеген күнәларға жол ашады. Бір тамшы ішудің өзі — үлкен күнә. Себебі адам ақылы байлаусыз қалып, зина, кісі өлтіру, ұрыс-жанжал сынды аса ауыр істерге дейін баруы мүмкін.

3. Денсаулыққа ауыр зиян тигізеді

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла үмбетіме харам еткен нәрседе шипа жаратпайды» (имам Әбу Дәуд) – дейді. Алла берген денсаулық – аманат. Оны харам нәрсемен құрту — аманатқа қиянат.

Ішімдік — шайтанның тұзағы, ақылдың жауы, отбасының күйреуі, денсаулықтың қас жауы. Құран, хадис, ғұламалар және бабалар сөзі – бәрі де арақтан берік тыйылуды бұйырады. Мұсылман адам өз абыройын, отбасының берекесін, денсаулығын және ақыретін қорғау үшін ішімдіктен аулақ болуы — парыз.

Алла бізді харамнан сақтап, адал жолда берік болуды нәсіп етсін!

 

Көшкімбай Ержан Кәдірханұлы

Мойынқұм ауданының бас имамы

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: