ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР АРАСЫНДА ҚҰРАН САЙЫСЫ ӨТТІ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР АРАСЫНДА ҚҰРАН САЙЫСЫ ӨТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 

ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облысы әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы орталық "Һибатулла Тарази" мешітінде қыз-келіншектер арасында Құран сайысы өтті. Иман мен ізгілікті насихаттауға бағытталған бұл шара өңірдің түкпір-түкпірінен келген шәкірттердің басын қосқан мәнді кездесу болды.

Игі жиын Құран аяттарымен басталып, мешіт ішін рухани әуенге толтырды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, Құранды жаттап-үйренудегі ықыласты ұстанымның маңызын атап өтті. Сонымен қатар жарысқа демеушілік көрсеткен Әлібек Сыдықбек мырзаға ризашылығын жеткізіп, ісіне Алладан береке тіледі.

Сайыс екі номинация бойынша – 1 пара және жарты параны жатқа оқу бойынша өтті. Қатысушылар Құран Кәрімнің аяттарын нақышымен, тәжуид талаптарына сай оқу арқылы өз білім деңгейін көрсетіп, ерекше дайындықтарын паш етті.

Жарысты бағалау үшін өңірдің тәжірибелі ұстаздары қазылық етті. Атап айтсақ, Жамбыл облысы әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева, Шу аудандық мешітінің ұстазы Сәуле Бекмамбетова, сондай-ақ орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы Аружан Айтбаева. Қазылар алқасы қатысушылардың тәжуид ережелерін қолдануына, жатқа оқу деңгейіне, қырағат мәнеріне басымдық беріп, әділ бағасын ұсынды.

Облыстың 11 аймағынан келген 24 үміткер екі номинация бойынша бақ сынап төмендегідей нәтиже көрсетті:

1 пара бойынша:
1 орын – Хабиба Раманова (Тараз)
2 орын – Балнұр Алпысбай (Мойынқұм)
3 орын – Медина Майорова (Шу)

Жарты пара бойынша:
1 орын – Фатима Асланқызы (Қордай)
2 орын – Жанерке Жапарқұл (Шу)
3 орын – Аяулым Байбекова (Тараз)

Жүлдегерлер мен барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар, сайысқа қатысқан әрбір үміткердің ынтасы мен еңбегі ескеріліп, ұйымдастырушылар тарапынан ынталандыру сыйлықтары да ұсынылды. Жеңімпаздарға арнайы дайындалған марапаттар мен бағалы сыйлықтар табысталып, олардың Құранға деген ықыласы мен еңбегіне құрмет көрсетілді. Осылайша, рухани доданың әрбір қатысушысы мадақталып, алғыс пен ізгі тілекке бөленді.

Сайыс соңында арнайы жайылған дастархан басына ұстаздар, қатысушылар және қонақтар жиналды. Дастархан кезінде Жазира Иманалиева, Зейнеп Жәдігерқызы, Сәуле Нұрсұлтанқызы насихат айтып, қыз-келіншектердің Құран жаттауға деген ықыласын одан әрі арттырды. Игі басқосу соңында Әжелер алқасының төрайымы Жәмила Джумабаева ақ батасын беріп, шараны ізгі тілекпен түйіндеді.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, имани ілімге жігерлендіретін мұндай рухани басқосулар — қыздардың өнегелі тәрбие алып, ізеттілікке баулынуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: