Жуалы ауданы Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Ашылу салтанаты Құран оқумен басталып, ауыл ақсақалы И. Саттарұлы мен Ақтөбе ауылы билер алқасының төрағасы Ж. Оразбаевтың батасымен жалғасын тапты. Қасиетті ғимараттың есігінің айқара ашылуы ауыл жұртшылығына ерекше қуаныш сыйлады.
Салтанатты шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Сатылғанов, Жуалы ауданының бас имамы Есет Таласбаев, ауылдық округтердің ақсақалдар кеңесі төрағалары, округ имамдары және жергілікті тұрғындар қатысты. Облыс бас имамы мешіт құрылысына демеулік танытқан азаматтарға алғысын білдіріп, жаңа ғибадат орнының ел руханияты үшін маңызын атап өтті.
Жаңа мешіттің салынуына негізгі ұйытқы болған – Түктібай ауылының азаматы Төлегенов Мейірбек Қуатбекұлы. Сонымен қатар, осы игі іске үлес қосқан бірқатар ауыл азаматтары марапатталып, ел алғысына бөленді.
Шара барысында ауыл ақсақалдары Мейірбек Қуатбекұлына ат мінгізіп, сауапты іс жолында еңбек еткені үшін ризашылықтарын білдірді. Бұл оқиға – Ақтөбе ауылының рухани өмірін жандандырып, ауыл тұрғындарының бірлігі мен берекесін айшықтаған маңызды мәні бар шара болды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



05 Желтоқсан 2025
14 Джумада-сани 1447

