Жамбыл облыстық өкілдікте жыл қорытындысына арналған кең көлемді жиын өтіп, оған барлық ауданның бас имамдары мен облыстық мешіт қызметкерлері қатысты. Басқосудың мақсаты – «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы межелерді айқындау болды.
Алқалы жиында қала және аудан имамдары жыл бойы жүзеге асырған уағыз-насихат, оқу-ағарту бағытындағы бастамаларын таныстырып, орындалған іс-шаралар мен жетістіктер жөнінде есеп берді. Сонымен қатар, бірқатар аудандарға жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер ескертіліп, келер жылы белсенділікті арттыру қажеттігі атап өтілді.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жалпы атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, төрт бағыт бойынша үздік деп танылған аудандарды марапаттады. Нәтижесінде, Меркі ауданы – I орын, Талас ауданы – II орын, Шу ауданы – III орын иеленіп, арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен бірге, бірінші орын алған Меркі ауданына шипажайға жолдама табысталды.
Жиын соңында ақсақал имам Ғалымжан қажы алдағы жылдағы бастамаларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін айтты.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



05 Желтоқсан 2025
14 Джумада-сани 1447

