Күнә дегеніміз не?

Күнә дегеніміз не?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам табиғатында, яғни бойында жақсы және жаман сипаттар болады. Егер пенде өзінің бойындағы жаман сипаттарға ерік беретін болса, қателік үстіне қателік, күнә үстіне күнәлар жасай береді. Дегенмен, пенденің бұл жағдайларда тәубе ету мүмкіндігі бар. Бүгінгі тақырыбымызда күнә жайында азды-көпті сөз еткенді жөн санап отырмыз.

"Күнә" - араб тілінің "зәнб", "мағсия" деген сөздерінен туындайды. Шариғат терминіне, діни кітаптарда көбінесе "мағсия" сөзі қолданылады. Қазақша мағынасында "бағынбау", "қарсы келу" дегенді білдіреді. Күнәнің зардабы, екі өмірде де болатын азабы жайында көптеген аяттар мен хадистер келтірілген. Қорыта айтатын болсақ, күнә дегеніміз Алла Тағаланың үкімдеріне, бұйрықтарына, принциптеріне қарама-қарсы келген істерді орындау дегенді білдіреді. Былайша айтқанда, Пенде Алла Тағаланың алдында дұрыс емес саналған, жөн емес істерді жасау арқылы шариғаттың заңдарын бұзған болып есептеледі.

Күнәнің төрт сипаты болады:

Бірінші сипат - табиғи сипат.

Бұған тәкәппарлану, мақтану, мақтау сүю, өзін жоғары санау сияқты амалдарды жатқызуға болады. Бұл күнәлар адамды құрдымға ұшыратушы амалдарға жатады. Кей адамдар бұл күнәларға мән бермейді, әрі күнә деп санамайды.

Екінші сипат - шайтани сипат.

Бұған қызғаншақтық, жек көру, қулық пен айлакерлік, екіжүзділік сияқты амалдар жатады.

Үшінші сипат - хайуани сипат.

Бұған қарынның қамы (нәпсіқұмарлық), зинақорлық, ұрлық сияқты амалдар жатады.

Төртінші сипат - жыртқыштық сипат.

Бұған адам өлтіру, ұрыс-керіс бастау сияқты амалдар жатады.

   Алла Тағала Фұрқан сүресінің 70-ші аятында: "Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді",- дейді. Және сондай-ақ күнәлар кәбира (үлкен күнәлар) және сағира (кіші күнәлар) деп екіге бөлінеді. Оларды хадистер арқылы білуімізге болады. Ал былайынша білу, ажырату қиынырақ. Дегенмен, күнәнің қай түрі болса адамға жақсылық әкелмейді. Қандай амалдардың күнә екендіктері жайында да біраз хадистер келтірілген. Соның біріне тоқтап өтетін болсақ, Әбу Һурәйра (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Жеті апатты күнәлардан сақтаныңдар", – деді. Адамдар: "Уа, Алланың елшісі, бұл қандай күнәлар?" – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Алла Тағалаға ортақ қосу, сиқыр жасау, Алла өлтіруге тыйым салған жанды (кісіні) өлтіру, өсімқорлық, жетімнің дүниесін жеу, жауға шапқанда қашу, иманды, таза әрі жаман істі (жасамақ тұрмақ) ойларына да алмайтын әйелдерді арсыздық жасады деп айыптау", – деген (Бухари, Муслим).

  Ажалы келерден алдын қандай да пенде шынайы тәубе жасаған болса, күнәлары кешіріледі. Жуылған киім тазарғаны секілді күнәлар да кешіріледі. Сол үшін біздер әр сәт, тіпті сағаттар, секундтан сайын тәубе жасап жүруіміз керек. Ал егер пенде тәубе етуден алдын, тәубе етемін деп жүріп жан тапсыратын болса, онда оның соңы қатерлі.

           Кіші күнәнің үлкенге айналуы жайында айтар болсақ, кіші күнәның үлкен күнәға айналуының басты себебі, күнәні кіші деп білуде, яғни аз деп санауда. Күнәні аз деп санау, жеңіл күнә ғой деп немқұрайлы қарау - жүректі қарайтады. Күнәні кіші деп үнемі жасай берсе ол үлкенге айналады. Абдулла ибн Аббастан (р.ғ.) риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Үздіксіз үнемі жасалатын күнәда кіші күнә (сағира) жоқ, истиғфар айтумен үлкен күнә (кәбира) жоқ", - деген. (Дәйлами, Фирдауси, Муснәд).

           Ибн Масғұд (р.ғ.) айтады: "Мүмкін адам күнәларына таудың етегінде тұрып, үстіне тас құлап кетуінен қорыққан адам секілді қорқынышпен қарайды. Ал күнәһар, бұзық адам болса күнәларын мұрнына қонған шыбын секілді көреді, сезбейді, жеңіл көреді".

           Біләл ибн Сағд (р.ғ.) айтады: "Қателіктеріңді, күнәларыңды аз деп көрме, мәселе, сен кімнің құзырында күнәлі боп тұғаныңа қара, соған мән бер!".

– Күнә жасаған адам Алладан ұзақтайды;

– күнә жасаған адамның қадір-қасиеті жоғалады;

– күнә істеген пенде Алланың тағат-ғибадаттарының ләззаттарынан мақрұм болады;

– күнәһар пендені адамдар жек көреді;

– күнә адам жүрегін қарайтып, жүзін нұрсыз қылады;

– күнәһардың жүзінен ұят пердесі жоғалады;

– күнә адам зейінін төмендетеді;

– күнә жасаған адам өзін жалғыз, қамқоршысыз сезінеді;

– күнә істеген адамның өмірі ауырлап, істері алға баспайды, әр қадамында түрлі қиыншылықтарға тап бола береді;

– күнәлар салдарынан пенде қолындағы нығметтерінен айырылады;

– күнәлар ғұмырды қысқартады;

– күнәлар себебінен адамның тапқан таянғанынан береке кетеді;

– күнәһар адамның басы бәледен арылмайды, қашан көрсең түрлі қырсықтарға жолыға береді;

– күнәлар салдарынан жер бетінде зілзалалар, су тасқындары, табиғи апаттар көп орын алады;

– күнәлар кесірінен адамдар арасында түрлі аурулар таралады;

– күнәлар салдарынан құрғақшылық болады;

– күнәһар адам үнемі алаңдап жүреді, сыры ашылып, адамдар арасында шерменде болудан қорқып жүреді;

  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Бір адам күнә қылған кезде жүрегінде қара дақ пайда болады. Егер ол тәубе етпестен күнә жасауына жалғастыра беретін болса, әлгі дақ үлкейіп, бүткіл жүрегін иеленіп алады". Бұл жайында Құранда: "Жоқ, бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты",- дейді. Әрбір жасалынған күнә адам жүрегінде із қалдырып, жаман нәтижелерге алып келеді. Ал енді тәуба қылған пендесіне Алла Тағала Өзінің мейірім есіктерін ашады.

Құрметті оқырман! Дана халқымызда "Мың күнәға бір тәуба" деген қанатты сөз бар. Бұл дегеніміз, адам баласы жасаған қателіктеріне өкінішпен қарап, оны екінші рет қайталамауға бекініп, шынайы тәубе жасайтын болса, Рақымды да Мейірімді болған Алла Тағала ондай құлдарын кешіретіні сөзсіз. Ең бастысы үмітсіздікпен қарамауымыз керек.

 

Джадраев Сұлтаншәріп қажы

Сұлтан мешітінің наиб имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: