ҚАРАЛЫ ҮЙДЕ ҚАЗАН АСУ ДҰРЫС ПА?

ҚАРАЛЫ ҮЙДЕ ҚАЗАН АСУ ДҰРЫС ПА?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам бар жерде қаза мен қуаныш қатар жүретін құбылыс.

Қай кезеңде болмасын, бақилық болған жанды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салу, бүкіл жөн-жосығымен аттандыру – артында қалған тірілерге үлкен міндет әрі сын. Адамды мәңгілік сапарға аттандыру түрлі тарихи даму жолынан өтіп барып, бүгінгі көрініске ие болып отыр.

Еліміздің көптеген жерінде өкінішке орай, қаралы үйде бірінші күнінен бастап мал сойылып, жаназаға қатысқандарға қазан-ошақ құрылып, дастархан жайылып тамақ беріліп жатады. Келген жұрт қазаны емес, қазанды айтып жатқанын құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Алайда, мұндай әрекет ғұрпымызға да, дінімізге де  қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенінен көпшілігіміздің хабарымыз жоқ.

Қазақта "Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген сөз бекер емес екен. Қазіргі кезде қаралы үйде «басқалардың алдында ұятқа қалмайық», «жұрт күлмесін» деген оймен дастарқанды той секілді жайнатып тастайтын әдет белең алып барады. Өзі қара жамылып, қайғыға батып отырған шаңырақ дастарқандарын жайнатып қою үшін шығынға белшеден батып, кейбіреулері қарызданып, қайғысына қайғы жамайды. Жан қайғысын тартып отырған шаңыраққа, мал қайғысын қоса жүктеу. Бұл, әрине, дін тұрғысынан да, адами тұрғыдан да құптарлық дүние емес.

Жаназа шыққан үй мейрамхана, кафе немесе шай ішіп демалып отыратын жер емес. Ол керісінше көңіл айтып келгендермен көрісу, сабырлыққа шақыру және қайғы-қасіретті бөлісетін жер. Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды демейтін бе еді?! Көңіл айту, қайтқан адамның туыстарының одан бетер қайғыруы үшін емес, керісінше қайғысын бөлісіп жеңілдететін, сабырлы және бекем болуына көмектесу мақсатында болады. Осы жерде барлық нәрсенің өткінші екендігі, демек, адам Ұлы Аллаға тиесілі екендігі және барлық тірі жан қалай болғанда да Оған баратыны естеріне салынады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде қазалы үй иелеріне ас-ауқат пісіріп жеткізуге бұйырған. Ислам дәстүрінде және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде Сахаба Жағфар (Алла оған разы болсын) қайтыс болғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айналасындағыларға: «Жағфардың үйіндегілерге тамақ әзірлеңдер, себебі олардың басына бір қиындық туды», - деген. Демек ислам діні бойынша ол үйде тамақ пісіріп, қонақтарға дастарқан жаю емес, керісінше көңіл айтып келген туыстары мен көршілерінің қаралы үйге тамақ ала келуі өсиет етіледі.

Осының бәрін ескере отырып, ауыл ақсақалдары мен игі жанашырлары бірігіп бір шешімге келдік.

●Қаралы үйде жеті күнге дейін қазан аспауға;

●Жеті күннен кейін қазақи дәстүр бойынша жетісі, қырқы, жылдық асы деп марқұмның атынан ас-садақасын тарқатуға;

●Әр бейсенбіде көңіл сұрап келген қонаққа жеті шелпегін пісіріп, шай беруге; (Мал сойып, тамақ аспауға)

● Жыртыс, ақша, мата, шапан тарқатпауға бір ауыздан келістік.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», - деген.

Барша мұсылман қауымына амандық болсын!

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Байзақ ауылы «Тілеш қажы» мешітінің имамы

Абиров Рахымбек Кенжебайұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: