БЕС АСЫЛ ІС, КӨНСЕҢІЗ

БЕС АСЫЛ ІС, КӨНСЕҢІЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой — Бес асыл іс, көнсеңіз».

Бұл жолдар адам бойында болуы тиіс негізгі қасиеттерді суреттейді. Бұл қасиеттерді қарастырып, маңызын ашып көрелік.

  1. Талап - адамның жоғары мақсатқа ұмтылуы, ізденісте болуы. Абай талапты адамның «адам боламын» деген ниетімен байланыстырады. Талап болмаса, адам жетілу жолында белсенді болмайды.
  2.  Еңбек. Талаптан кейін еңбек бар: мақсатқа жету үшін еңбектену қажет. Абай еңбекті маңызды санаған. Еңбек арқылы адам өз мүмкіндігін кеңейтеді, қоғамға пайдасын тигізеді.
  3.  Терең ой. Талап пен еңбек өз алдына, оларды терең оймен ұштастыру қажет. Абай: «терең ой» дегенде жай ғана ойлау емес, мән-мағынасын терең деңгейде қарастыруды меңзейді. Терең ой адамды жат қылықтан сақтайды, әрі дұрыс бағыт береді.
  4.  Қанағат - барға разы болу, тым артық нәрсеге шашылмау. Абай «қанағат» қасиетін адамды жетпеске үміттенушілік пен тым талапшылдықтан қорғау құралы ретінде қарастырған. Қанағатшылық — ішкі тыныштыққа жетудің жолы.
  5.  Рақым — мейірімділік, кешірімділік, адамның ізгілікті көре білуі. Бұл қасиет адамды адам етеді. Абай рақымды адамның бойында болуын тілеген. Рақымсыз адам қоғамда жалғыз қалып қоюы мүмкін.

Осы бес қасиет — талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым — адам бойында табылса, ол толық адам болуға жақындайды. Абай бұл қасиеттерді адамгершілік, рухани кемелдену тұрғысынан қарастырған. 

Бес асыл іс – бұл дүние ғана емес, ақиретке де егіндік. Ол Шығыстың ақыл-ой қазанында ғасырлар бойы қайнап, өмір сынағынан өткен идея. Басқалай айтқанда, бақытты болу формуласы. Өйткені, бесеуі де Құдай сүйетін қайырлы істер.

Талап пен еңбек – осы дүниеде жақсы ғұмыр кешу шарты. Бұл екеуінсіз жақсылық атаулы да (ұрпақ өсіру, абыройлы болу, ұзақ жасау және т.б.), ырыздық-нәсіпке кенелу де жоқ. Бірақ адамға фәни жарқылына алданбау, терең ойға келу шарт. Ортаңғы қазық болып қағылған асыл іс осы. «Терең ой» деген не, өзі? Абайда «терең ой» – Құдай бар, жан жоғалмайтынына сенім. Басқаша айтқанда, әр адам өз жүрегінің түбіне терең бойласын дегені. Жүректе сенімі жоқ адам қиянатшылыққа салынбақ. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңі соңында ақын ойсыз пақырды шеней келе, былай деп түйеді: «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап». Бұл жерде «терең ой»-дың мәнісі – шын иман.  

Соңғы екі асыл іс – қанағат пен рақым. Бұл екеуі де жаңағы терең ойдың жемісі.  Адамның өмір мағынасын түйсініп, өзін-өзі жетілдіру жолына түскенінің көрінісі. Көріп отырмыз, «бес асыл» бірі біріне матаулы ғибрәтлі істер, бүгінгі таңда олардың өзектілігі арта түспесе, кеміген жоқ. 

Қорыта айтқанда, Абай атамыз «Бес нәрседен қашық бол» және «Бес нәрсеге асық бол» деуімен өмір сүрудің моделін анықтап берген. Ол бойынша жан мен тәнді (яки сана мен тұрмысты) билеуі шарт. Абай діттеген табиғи модельге  құлақ аспасақ, сөз жоқ, рухсыздық пен құдайсыздық ауадай жайылып, төмен қарай құлдырауы жалғаса бермекші. «Бес асыл іс» философиясынан алар ғибрат, түйер түйін осы.

 Кумбаев Ербол Қасқырұлы

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Базарбай ауылы «Базарбай» мешітінің имамы 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: