Шынайылық (арабша сидқ) – ислам дініндегі ең асыл қасиеттердің бірі. Ол иманның айнасы, адамгершіліктің негізі, мұсылманның рухани келбетінің көрінісі. Шынайы мұсылман сөзі мен ісі, ниеті мен әрекеті бір жерден шығатын, өтірік пен екіжүзділіктен аулақ адам.
Құрандағы шынайылыққа үндеу.
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар!» (Тәубе сүресі, 119-аят).
Бұл аят мұсылманды әр істе адалдық пен туралыққа шақырады. Шынайы адам – сенімге лайық, қоғамда құрметке ие тұлға. Ал өтірік айту – адамды иманнан алыстатып, жүректегі нұрды өшіреді. Тағы бір аятта Алла Тағала: «Алла шыншылдарды шыншылдығы үшін сыйлайды» (Ахзаб сүресі, 24-аят), – дейді. Бұл да шынайылықтың ақыреттегі үлкен сауап пен абыройдың кілті екенін білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өнегесі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарлық келмей тұрып-ақ «Әл-Амин» (Сенімді, шыншыл) атанған. Ол: «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді, ал жақсылық жұмаққа жетелейді», – деген (Бухари, Муслим).
Бұл хадис шынайылықтың адамды Алланың разылығына жеткізетін тура жол екенін көрсетеді.
Қоғамдағы шынайылықтың рөлі
Шынайылық – тек сөздегі емес, өмір салтындағы қасиет. Отбасында, достықта, саудада, қызметте шыншыл болған адам қоғамның сенімін арттырады. Шынайылық бар жерде әділдік, тыныштық, бірлік орнайды. Өтірік пен екіжүзділік болса – сенімнің жоғалуына, адамдардың бір-біріне күмәнмен қарауына әкеледі. Сондықтан әр мұсылман өз өмірінде Пайғамбарымыздың шыншылдық үлгісін ұстануы тиіс.
Шынайылық – мұсылманның айнасы, иманның белгісі. Адамның Алла алдындағы да, қоғам алдындағы да қадірі оның адалдығымен өлшенеді. Шыншыл мұсылман – әділдік пен сенімнің тірегі. Сондықтан әрбіріміз «шыншылдармен бірге болу» әмірін өміріміздің ұстанымына айналдыруымыз қажет.
Балхожаев Азамат Мұратбекұлы
Жамбыл ауданы «Бәйдібек» мешітінің найб имамы


18 Қараша 2025
27 Джумада-авваль 1447

