Киім кию мәдениеті

Киім кию мәдениеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Киім - адамның зейнеті. Киім адамның әуреттерін жасыратын, ыстық пен суықтан сақтайтын, адамға көрік беруші болған, һәм қызметінде болған Алланың үлкен бір нығметі. "Адам" деген қасиетті атауға ие. Адам сөзімен де, түр-сипатымен де, жан-дүниесімен, киім киісімен де әдемі, тартымды болуы керек. Сонда ғана ол басқалардың құрметіне ие болып, өмірдегі орны белгіленбек. "Танылған жерде ой сыйлы, танылмаған жерде тон сыйлы", дегендей адамның үстіндегі киімі алғашқы көзқарасты қалыптастырады. Сондай ақ киім адамның мәдениетін, көзқарасын білдіреді.Бұл жердегі көзқарасы дегеніміз, адам киген киімі арқылы да тәкәппарлық амалын жасауы мүмкін екен.

"Адам көркі шүберек, ағаш көркі жапырақ" деп жатамыз. Иә, расында да өзіне жарасымды, ерекше киім киген адам қайсыбір ортада болмасын адам көзіне бірден түсері сөзсіз. Ата - бабаларымызда ұлттық киімдерімізді талғаммен, сәнді, ыңғайлы әрі зор мағынамен үйлестірген.

"Әурет" сөзі араб сөзінен алынып, адам өз қадірін, ұятын сақтап жүруші үшін денесін жауып жүру дегенді білдіреді. Денесін бөгде адам назарынан және намазда да жабық болуы керектігі парыз етілген. Егер бұл жерлер ашық болуы және оған қарау харам саналады. Міне, осыны әурет дейді.

Надандық (жәһилет) дәуірлерде адамдар оғаш, бейәдеп киінген. Ислам келіп киіну мәселесі тәртіпке салынды. Адамды дұрыс емес киінуден сақтандырды. Исламда әйел адам ер адамның, ер адам әйел адамның киімін киіп жүруге тиым салынған. Яғни ұқсамауға шақырады. Ислам дінің бұйырғанына қарай, әйел-қыздарымыз балиғат жасына толғаннан кейін бөтен адамдардан әуреттерін жауып жүрулері парыз етілді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: "....зейнеттерін ашпай сырт киімдерін шешулері айып емес. Егер бұдан да сақтанса, олар үшін тағы жақсы. Алла толық естуші, әр нәрсені білуші..." , дейді. Аяттың мағынасында Алла Тағала Пайғамбарымызға с.ғ.с. Мүміндерге айт, олар көздерін бөгде еркектерден, әйелдерден сақтасын, әуреттерін жасырсын, зинадан сақтансын деп ұят саналған жерлерімізді сақтауымызды, мәдениеттілікті ұстануға бұйыруда.

Жоғарыдағы аяттағы "зейнеттерін ашпай" деген сөзді ғұламалар түсіндіре келе, әйел баласы үшін екі қол (екі алақан) мен жүздері әурет саналмайды деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әсма бинтті Әбу Бәкірге (р.ғ.): "Әй, Әсма, әйел баласы балиғатқа толған кезінен бастап мына екі жерінен басқа жерлер өзгелерге көрінуге болмайды" деп бет жүз және екі алақанын ишарамен көрсеткен. (Имам Әбу Дауд риуаяты).

  Қазіргі таңда кейбір әйел-қыздарымыздың жат ағымдар жетегіне еріп, бет-жүздерін де тұмшалап, дінімізге де дәстүрімізге де қайшы амалдар жасап жүргендіктерін байқап жатамыз. Жат ағымдағылар киген киімдерімен де ерекшеленіп жүретінін ұмытпағанымыз абзал. Әйелдердің қара түсті киіммен киінулері Шариғатымызда бұйырылмаған. Тіпті Сауд Арабиясында қарасты "Ғылыми пәтуа беру комитетінде" де әйел баласының қара түсті киінуі міндет емес, өзінің қалаған түсі арқылы әуретін жауып жүрсе болғаны, ең бастысы ер адамдардың назарларын өздеріне қарататын тар, дене пішімдері көрініп тұратын киімдерден болмаса болғаны" деген шешімдері де шыққан.

Әйел адамның паранджа киіп, қолғап киіп алуы мен жігіт адамның ұзын сақал қойып алуы тақуалықты білдірмейді. Тақуалық адамның жүрегінде болады, амалдарда өзін қарапайым, тұрақты, орта жолды ұстайды.

Реті келгенде айтып өтуіміз керек, ал енді кейбір жастарымыз дінімізге, дәстүрімізге қайшы келетін тізелерін жыртықпен немесе жамаумен болған, "мода" деп мағынасыз суреттері мен жазуларды бар киімдерді киіп жүргендерін байқаймыз. Адамның өзіне білінбейді, бірақ сырт көзден  қарағанда бұл өте әдепсіздікке жатады. Бұлардың бәрі ұлтымыздың, діліміз бен тіліміздің, мәдениетіміз бен дәстүріміздің жойылуына бірден бір өз септігін тигізетін амалдарға жатады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Алланың зікірімен (атымен) яғни Биссмилләмен" басталмаған істің қайыр-берекесі болмайды" дейді. Айтпағымыз келгені, киім кигенде оң жақтан бастаған абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Егер киім киіп жатқан болсаңыздар, оңынан бастаңыздар", деген. (Тирмизи, Абу Дауд, Ибн Мәжә риуаяттары). Киім киер кездегі айтылатын дұғаға келер болсақ, маған осы киімді менің тарапымнан ешқандай күш-қуатсыз кидірген Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын"-деп, айтуымыз өте сауапты амалға жатады. Киімді шешкен кезде сол тараптан бастаған абзал, әрі Биссмилланы айту сүннет.

Ғалымдар қазіргі таңда киімнің түсінің,  тазалығының адамның мінезі мен көңіл-күйіне әсер ететінін дәлелдеп жарыса  айтуда. Алла Тағала Пайғамбарға: "Өз киіміңді тазала" - деген. Киімді таза ұстау, таза жүру Пайғамбарымыздың сүннеті. Ендеше киінгенде де Пайғамбарымыздың сүннетін сақтап, Алланың сүйген құлдарының қатарында болайық. Алла Тағала үлкендерімізге тәуфиқ беріп, жастарымыздың болашақтарын жарқын етіп, ізгі ұрпақтардан болуды нәсіп етсін!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Т.Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: