ҰРПАҚ ЖАДЫНДАҒЫ БЕРДІБЕК КӘЛПЕНІҢ ІЗІ

ҰРПАҚ ЖАДЫНДАҒЫ БЕРДІБЕК КӘЛПЕНІҢ ІЗІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында өткізілген іс-шаралар ілегін жалғастырып, Шу ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдаевтің қолдау білдіруімен біз де аудан деңгейінде өз зерде-насихатымызды жүргіздік.

Былтыр жарияланған, дін мен ұлттық тәрбиенің өзегін ұштастырған «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының негізін дәріптеу мақсатында 1917 жылғы төңкерістер нәтижесінде бұзылған Бердібек кәлпе мешітіне саяхат жасадық. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары руханиятымызды жаңғырту мақсатында қажырлы жұмыстар жүргізіліп, ақындар мен батырлар насихатталды. Десе де, қиын қыстау заманда дархан даланың дәруіне, ұлттығымыздың ұйытқысына айналған, дін мен ділдің тіреуі болған қатардағы молда-кәлпелер назардан тыс қала берді. Дейтұрғанмен кейінгі  кезде бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей араласып, алға қойған жоспарлы іс-шараларының арқасында «әруақ», «кие», «дәстүр» туралы түсініктерді қауымға жүйелі түсіндіріп, насихаттауға мүмкіндіктер көп жасалуда.

Қазақ арасында кәлпелер - «жер-жердегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) орынбасарлары» - деген құрметті атқа ие болған, терең білімді имамдар еді.  Солардың бірі, жергілікті халық «төрт рет Әжіге қол тапсырған сопы» - деп атаған Бердібек кәлпе. Орта Азия халықтарына рухани тірек болған ОАҚМДБ (Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы) құрылғанға дейінгі аралықта имамдар қудаланып, дініміз арашасыз қалған замандарда дінді сақтап қалған нақ осы елді-мекендердегі кәлпе, сопылар еді. Ақ дініміздің желбіршегіне жармасып, ілде байлаған халқының келешегін ойлап, ізгілікке ниет қылған бабамыз ақ патшадан қаймықпастан жер талап етіп, оны алып мешіт орнын белгілейді. Содан халықты ұйымдастырып, бес шақырымдай тоған қазып, Шу өзеніне бөгет салып тоғанға су жібереді. Су келген соң береке бірге келіп, алқапқа жоңышқа, қауын-қарбыз егеді. Халықты егіншілікке баулып, көңілін көтеріп, ел болып асарлыққа мешітті тұрғызады.

Ынтымақ пен бірліктің  күшін сезінген ел әсерленіп, Шу өзеніне сал (паром) түсіріп оны тегін жүргізеді. Ал паром мен паромшының ақысын Бердібек кәлпекең өз мойнына алыпты. Мешіт 1925 жылға дейін қызмет етіп жабылады. Ұстанымы белгілі үкімет маза бермеген соң, Бердібек кәлпе 30-жылдары «хижрет» ниетімен елден кетпекке даярлық жасап жолға шығады. Көш бастап қазіргі Жамбыл облысының Ақсу ауылының маңына жетіп түнейді. Түнде кәлпе түс көріпті, түсінде жақсы заман болатынын көріпті. Дереу көшті тоқтатып мынадай деп өсиетін айтады: «Мені ақ-жуып арулап жерлеген соң, бұл жерде қалмаңдар, елге де қайтпаңдар, орта шенінде болыңдар». Көп ұзамай кәлпе бұл дүниеден қайтады. Баласы Оспанбек жаназасын оқып, әке өсиетімен Шу жерінің теріскейіне келіп, өсіп өнеді.

Бабамыз туралы елге аңыз, бізге ақиқат болған әңгімелер көп. Солардың бірнешеуін оқырманға ұсынбақпыз.

Жұрт ішінде «мешіт ғимаратына алғаш балта шапқан кісінің делебе болып ауырып, «Кәлпе мені осындай етіп қойды ғой» деген сөздерді өмірінің соңына дейін қайталап жүрді» деген сөз бар.  Мешіттің бес бел ағашын алған әйелдің түсіне Кәлпе кіріп: «Бес ағашыма бесеуіңді аламын» - депті. Сол әйелдің соғыстан күйеуі, екі бауыры, екі баласы келмей қалған екен. Ауыл әйелі пештің қабырғасына қалайын деп мешіттің кірпіштерін әкелсе, ертесіне есік алдына жылан қаптап кетіпті. Сөйтсе, кезінде мешіттің төңірегінде сары бас ордалы жылан болыпты. Бабамыз кейде мешітте қонып қалғанда, бас жағында жатады екен. Ертесіне әйел кірпіштерін қайта  апарғанда жылан да сап болыпты.

Осы оқиғаларды ғибрат ретінде айтып келген бұрынғылардың кішісі, қазіргілердің үлкені кәлпенің келіні 100 жасап отырған - Саракүл әже. Расында, қазақ «өлі разы болмай, тірі байымас» деп бекер айтпаса керек. Ата-баба рухына құран бағыштап, дұға жасау – ұрпаққа тиер жалғыз аманат.

Мешіт орнына зиярат еткендердің қатарында кәлпенің замандасы Әтей болыстың шөбересі Болатбек Әсембекұлы, кәлпенің немересі, еңбек орденінің иегері Шайхислам Оспанбекұлы, шөбересі, Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы болған Шахикерім Әміреқұлұлы мырзалар болды. Кәлпенің тұқымынан көптеген батыр ана, басшы, ғалым, ұлағатты ұстаз, заң қызметкері, өнер-спорт саңлағы шықты. Ұрпақтарының қай-қайсысы болмасын баба ізін жалғастыруда өзіндік үлесін қосып, ізін қалдыруда. Солардың бірі, осы жолдардың авторы, аталмыш экспедицияның ұйымдастырушысы, Жиенбет мешітінің имамы Шүкірәлі Оспанбекұлы. Зияратымызды ауыл жігіттерімен атқа мініп, әңгіме-дүкен құрып тәмамдадық.

«Әруақты жерден ат  үркеді» - деген рас-ау, мешіт орнында төрт-түліктің аунағаны не бір қиы жоқ. Осынау киелі жерді жолшыбай зиярат етемін деушілер Шудың төменгі ағысы, Қылышбай ауылының солтүстігінен 2,5 шақырым жерден таба алады. Бердібек ата ұрпақтары мешіттің орнына «Алланы еске салатын белгі-тас орнату ендігі мақсатымыз» - деген ниеттерін білдірді.

«Әр ұрпақ өз бабасының жылап қылған дұғасының жемісі» - демекші, бала - әке өмірінің жалғасы. Сондықтан біздің әруақтарды ұмытуға еш хақымыз жоқ. Алдыңғы буын өкілдерін ұмыт қалдыру - дәстүр-салтымызды ұмытумен бара-бар. Ал дәстүр-салтымызды аяқ асты ету - көргенсіздіктен басталатын небір әдепсіздіктерге жол ашады. Бұған дәлел - деструктивті және радикал ағымдардың белең алып, қоғамға дүрбелең салуға қауқары жетіп жатқаны. Осындай үлкен мәселелермен тек тарихымызды дәріптеп, отбасы құндылықтарын құнттап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру арқылы ғана күресе алатынымызды білгеніміз абзал.

Шүкірәлі Оспанбекұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: