Қыз — ұлттың анасы. Қыз — ұят пен ұяңдықтың символы. Ардақты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдер үш түрлі болады: Біріншісі – ыдыс секілді, көтеріп қайта қоя тұғын. Екіншісі – терісі ауыратын түйе секілді. Үшіншісі – мейірімді және бала туатын, иманын мықтылау үшін күйеуіне көмек беретін.
Мұндай әйел ер адам үшін қазынадан да қайырлы» – деген. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешіті ұстазы Эльмира Аманқожақызының ұйымдастыруымен аудан ұстаздары мен әйел-қыздар жамағаты арасында «Әлеуметтік желідегі ұстаздар мен әйел қауымының әдебі» тақырыбында кездесу өтті. Жиында ислам дінінің дәріптейтін көркем мінез үлгісін ұстанудың маңызы айтылды. Әлеуметтік желідегі әдеп сақталмаған жағдайда орынсыз айтыс-тартысқа, өсек пен ғайбатқа, жала мен жалғанға бой алдыру қаупі бар екендігі ескертілді.
Мұндай әрекеттер жүйкені тоздырып, сауабыңды азайтып қана қоймай, дін мамандарына деген құрметтің төмендеуіне де себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ сөз сөйлеу мәдениеті, ойды әдеппен жеткізе білу үлкен мәдениет екені, ең үлкен абырой – көркем мінез екені баса айтылды. Кездесу соңында мына дұға жасалды: «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет! Бізді тақуалардың алдына шығар!»
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



01 Мамыр 2026
14 Зуль-каада 1447

