Сәрсенбінің сәтті күні мешітке жиналған жамағатқа ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі шығарған «Пәтуалар жинағы» 4-кітабын Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы таныстырды.
Жаңа кітапты таныстыруда Қанат Әділханұлы мүфтияттың шариғи үкімдерге қатысты барлық мәселеге пәтуа беруге толық қауқарлы екенін айтып өтті.
«Елімізде кей азаматтар дұрыс діни ақпараттарды алуға болатын сенімді дереккөздерден хабары болмағандықтан, шетелдегі діни орындардың ақпараттарына сүйеніп, іс-әрекет етіп жатады. Бұл халық ішінде аса құптарлық жағдай емес. Бүгінде ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап беріп, олардың жинағын кітап етіп шығаруда. Байзақ ауданында 2025 жылдың өзінде 1 936 сұраққа жауап берілді. Сондай-ақ, аудандық орталық «Байзақ баба» мешітінде «call center» жұмыс істейді.
Кез келген сұрақ бойынша мешіт имамы немесе пәтуа саласына жауапты мамандар жауап бере алады. Сондықтан да шетелдік діни ақпарат көздеріне емес, еліміздегі ұлттық қайнар көздерден сусындаған, дәстүрлі діни құндылықтарымызды байрақ еткен мүфтияттың таратқан ақпаратына сүйенсек, ел ішінде де ауызбірлік пен ынтымақ болары даусыз», - деді Қанат Әділханұлы.



16 Қараша 2025
25 Джумада-авваль 1447

