БАЙЗАҚ: МЕШІТ ИМАМДАРЫ КӨНЕ ТАРАЗ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

БАЙЗАҚ: МЕШІТ ИМАМДАРЫ КӨНЕ ТАРАЗ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Дархан дала» жобасы аясында Байзақ  ауданының имамдары «Көне Тараз» тарихи кешенінде болып қайтты.  Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлының ұйытқы болуымен рухани сапарға ауыл имам-молдалары қатысты.

«Дархан Дала» отандық туризм бағытымен осы аталған жерге зиярат жасалды. Бұл жобаның басты мақсаты – халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, тарихи, киелі орындарға рухани тур ұйымдастыру.

VIII-IX ғасырларда қайта жабдықталған бұл кешен Тараз қаласындағы бұрынғы көк базардың орнына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде аршылып алынды. Археологтар қазба жұмыстары кезінде кешен орнынан тиын, қыш-құмыра, тұрмыстық бұйымдар  сынды тарихи жәдігерлерді тапты. Ал 2016 жылы нысанды аспан асты музейіне айналдыру жұмыстары қолға алынған. Қазір бұл орын жергілікті тұрғындар мен туристердің жиі бас сұғатын орны саналады.

Қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде, Төле би көшесінің бойында Қарахан кесенесіне жақын жерде орналасқан кешен 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынған. Ескерткіш тарихы сонау түркі қағандары мен ерте ислам дәуірінен тамыр тартады. Түркі қағандары билік құрған тұста Тараз қаласында әртүрлі дін өкілдері бейбіт өмір сүрген. Тарихи деректерде аталған діни ағымдардың құлшылық орны болған ғибадатханалар кейіннен мешітке айналғаны жайындағы мәліметтер кезігеді. Мұндай мешіттер ортағасырлық Дихнуджикес, Хамукет, Атлах, Жікіл, Бехлу қалаларында да болғанға ұқсайды. Сол дәуірде яғни ІХ ғасырдың аяғында Таразды саманидтер жаулап алған еді. 893 жылы араб қолбасшысы Исмаил ибн Ахмад Таразға шабуыл жасап, қаланы қоршауға алады. Сол тұста Тараз әмірі елінің амандығын ойлап араб қолбасшының уәжіне құлақ асып, 10 мың қала жұртымен бірге ислам дінін қабылдауға келіседі. Іле-шала қала аумағындағы барлық басқа діндегі ғибадатханалар мен христиандық шіркеулер толығымен исламдық мешіттер ретінде қайта жасақталады. Сол секілді Тараз қаласының орталық бөлігіндегі мешіт пен оған қарама-қарсы орналасқан керуен-сарай да исламдық мәдениеттің үстемдік құруымен қайта құрылған ескерткіштер болуы әбден мүмкін. Тараз шаһарындағы бұл діни орын жайындағы деректі Х ғасырдағы араб географы әл-Мақдисидің қолжазбаларынан кезіктіруге болады. Онда араб ғалымы қалаға: «Тараз – бекiнiстi үлкен қала, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар. Ал базардың нақ ортасындағы үлкен мешiтi көрiнiп тұрады» – деген сипаттама береді.

Дәл осы мешіт жанындағы керуен-сарай ғимаратына жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында 8 бөлмеден тұратын ғимараттың үш рет қайта қалпына келтірілгендігі анықталды.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: