Бүгін Мойынқұм ауданының имамы Шораев Нұрдос жаңа ашылған мектепке арнайы зиярат жасап, ұстаздар қауымын келе жатқан ұстаздар мерекесімен құттықтады.
Жаңа білім ордасы алғаш рет есігін айқара ашып, аудан тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды. Имам Нұрдос Шораев мектеп ұжымына жылы лебізін білдіріп, жастардың сапалы білім мен тәрбие алуына тілектестік білдірді.
«Білім мен тәрбие - елдің болашағының кепілі. Ұстаз - адам баласын ізгілікке, адалдық пен руханиятқа жетелейтін тұлға. Алла еңбектеріңізге береке берсін», - деді имам өз сөзінде.
Мектеп іші заманауи үлгіде толық жабдықталған, сынып бөлмелері кең әрі жарық, оқу процесіне қажетті құрал - жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ең қуантқаны - ғимараттың ұлттық құндылықтарымызбен ұштастыра безендірілгені, яғни интерьер мен көрнекіліктерде қазақтың салт - дәстүрін дәріптейтін нақыштардың көрініс табуы.
Мектеп ұстаздары мен оқушылар мешіт өкілінің ықыласты сәлемін жылы қабылдап , бұл кездесудің тәрбиелік және рухани мәні зор екенін атап өтті.
Мойынқұм аудандық мешіті алдағы уақытта да білім ордаларымен байланысын нығайтып, рухани - өнегелік бағыттағы іс - шараларды тұрақты түрде өткізіп отыруды жоспарлап отыр.



05 Қараша 2025
14 Джумада-авваль 1447

