Ислам діні ілім мен ізгілікке, садақа мен сауапты амалдарға үндейді. Осы бағытта жасалған бір игі істің аясында университетте сабақ берген ұстазымыз аударып шыққан «Сира» (Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірбаяны) кітабының 16 данасы Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы медресеге уақып етілді.
Бұл кітаптар - аталмыш медреседе білім алып жатқан шәкірттерге тегін таратылып, Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) көркем мінезі мен өнегелі өмір жолын үйренуге бағытталған оқу құралы ретінде ұсынылмақ.
Кітаптарды басып шығаруға кеткен жалпы шығын көлемі - 102 000 теңге. Бұл сауапты іске ұйытқы болған - имам Ембергенов Амангелді және мешіт жамағаты.
Имам Ембергенов Амангелді өз сөзінде: «Сира - әрбір мұсылман үшін өнеге мен тәрбие мектебі. Бұл кітап - жастардың жүрегіне иман ұялататын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл қасиеттерін насихаттайтын ілім көзі. Уақып - Пайғамбар сүннетінде де болған игі амал. Сол себепті бұл еңбектің сауабы аударған ұстазымызға да, оны оқып, амал ететін шәкірттерге де ортақ болғай », - деп ізгі ниетін білдірді.
«Һибатулла Тарази» медресесінің ұжымы мен шәкірттері кітапты алғыс білдіре отырып қабыл алып, уақып еткендерге ризашылықтарын жеткізді. Олар бұл кітаптың оқу бағдарламасына қосымша ретінде пайдаланылатынын, әрі Сира ілімін терең меңгеруге септігін тигізетінін атап өтті.
Бұл уақып - жас шәкірттерге рухани азық қана емес, сауапты амалдардың жалғасуына себеп болатын игі іс. Осындай бастамалар арқылы діни білім кеңейіп, иманды ұрпақ тәрбиеленбек.



05 Ноябрь 2025
14 Джумада-авваль 1447

