Тараз қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №59 мекемесінде жазасын өтеуші азаматтармен Жамбыл облысының Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы кездесу өткізді.
Кездесу барысында Бас имам «Сынақ пен оған тәубе ету» тақырыбында насихат айтып, өмір сынақтарында сабыр мен тәубенің маңызына тоқталды. Ол адам баласының әр қиындықты иманмен жеңе білуі және өткен қателіктерден сабақ алып, ізгілік жолына түсуі – нағыз рухани тазарудың көрінісі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Жат ағыммен жұмыс бағытына жауапты маман, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Мұрат Нұрлан да сөз сөйлеп, «Сабырлық» тақырыбында тағылымды уағыз айтты. Ол сабыр – иманның жартысы екенін және әрбір мұсылманның өмірінде бұл қасиеттің орны ерекше екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, наиб имам жат ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері мен олардың алдау тәсілдері туралы ескертіп, жазасын өтеушілерді діни сауатын арттыруға шақырды.
Жиын соңында имамдар қатысушылардың жеке сұрақтарына жауап беріп, оларға рухани қолдау көрсетті.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі