Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Биназар ауылындағы «Қасымбек Қажы» мешітінде имам Есқараев Қуаныш уақып туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында имам уақыптың Исламдағы орны, мәні мен маңыздылығы туралы жан - жақты ақпарат беріп, мешіт пен мұсылман қауымының дамуына оның тигізер пайдасын түсіндірді. Мешіт имамы уақып қаражатының мешіттің қызметі мен әлеуметтік іс - шараларын қамтамасыз ету үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, уақыптың дұрыс басқарылуы мен тиімді пайдаланылуының қажеттігі туралы нақты мысалдар келтіріп, жиналған жамағаттың сұрақтарына жауап берді.
Аталған шара ауыл тұрғындарының діни сауаттылығын арттыруға, мешіт ісіне деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталды. Имамның түсіндірмесі жамағаттың діни түсінігін тереңдетіп, мешітке деген құрмет пен қамқорлықты арттыруға септігін тигізді.
Сонымен қатар, уақып - мешіттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды қаржы көзі екенін түсіну арқылы тұрғындар оның игілікті мақсаттарда пайдаланылуына белсенді қатысуға ниет білдірді. Бұл игі бастама мешіт пен қауым арасындағы байланысты нығайтып, сенімділікті арттыруға ықпал етеді.
Кездесу соңында тұрғындар діни және әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтар қойып, имамнан кеңес алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары діни ағарту мен қоғамның рухани сауатын арттыруда маңызды рөл атқарып, уақып жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне жол ашады.
Мойынқұм ауданының баспасөз қызметі