Мойынқұм ауданы бас имамы Ержан Көшкімбай Қарабөгет ауылы мешітінде тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында мешіттің жалпы жағдайы мұқият қаралып, оның тазалығы, ішкі және сыртқы көрінісі, қызметкерлердің жұмыс істеу тәртібі зерделенді. Мешіт аумағындағы тазалық талаптарға сай, ыңғайлы әрі келушілерге қолайлы деп танылды.
Алайда, «Тазалық - иманның жартысы» деген халық даналығының мәнін ұмытпай, кейбір кемшіліктер анықталды. Мешіт ішінде тазалық деңгейі төмендеу орындар мен құрылымдық ақаулар бар болған жерлерге арнайы ескерту жасалды. Бас имам Ержан Көшкімбай бұл мәселелердің тез арада түзетілуін, мешіттің киелі орны ретінде әрдайым таза және рет - ретімен болуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, тексеру кезінде мешіт қызметкерлерінің құлшылыққа, діни тәрбиеге деген жауапкершілігі мен жұмысқа деген ұқыптылығы да жоғары бағаланды. Ержан Көшкімбай мешіт ұжымына: «Алла разылығы үшін істелген әрбір ізгі іс - берекет пен тыныштықтың бастауы» деп, мешіттің қоғамдағы рөлі мен қызметінің маңыздылығын ескертті.
Тексеру қорытындысы бойынша, кемшіліктерді жоюға нақты ұсыныстар беріліп, мешіт ұжымы мен ауыл тұрғындарына бірге жұмылып жұмыс істеу қажеттігі түсіндірілді. Мұндай зерделеу жұмыстары мешіттің тұрақты түрде бақылауда болуына және оның қызмет сапасының арттыруына үлкен ықпал етеді.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, тазалық пен тәртіпті сақтаудағы еңбектеріңіз елімізге, жерімізге, әрі рухани өмірімізге береке әкелсін.
Мойынқұм ауданы баспасөз қызметі