Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының бас имамы Ержан Көшкімбай аудан орталығы мен ауылдық елді мекендердегі тұрғындармен кездесіп , радикалды діни ағымдардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында имам қазіргі таңда қоғам ішінде жиі көрініс беріп отырған діни алауыздық пен радикализмнің шығу себептері мен зардаптары туралы кеңінен баяндады. Ол әсіресе әлеуметтік желілер мен бейресми ақпарат көздері арқылы таралатын жалған діни уағыздар мен идеялардың қауіптілігіне ерекше тоқталды. Имам тұрғындарды діни сауаттылықты арттыруға және ресми мешіттер мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мамандардан ғана білім алуға шақырды.
"Қоғамдағы тұрақтылық пен рухани бірліктің негізі-дұрыс діни түсінік пен дәстүрлі жолды ұстану. Біздің ата - бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ханафи мәзһабы мен матуриди сенімі - ел бірлігінің рухани тірегі", - деді Ержан Көшкімбай.
Кездесуде жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтары, дін мен дәстүрдің үндестігі туралы да маңызды мәселелер қозғалды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты, дәлелді жауаптар беріліп, кейбір күмәнді мәселелерге түсініктеме ұсынылды.
Бұл іс-шара елімізде діни тұрақтылықты сақтауға, қоғамдағы жат ағымдардың таралуына жол бермеуге бағытталған маңызды рухани бастамалардың бірі.
Мойынқұм ауданының баспасөз қызметі