Мойынқұм ауданы бас имамы Ержан Көшкімбай Айдарлы ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл маңызды шарада ислам діні мен отбасы құндылықтарының маңызы кеңінен насихатталды. Имам исламның адам өміріндегі мәні мен отбасының қоғамдағы орнына жан - жақты тоқталып, оның рухани және әлеуметтік салдарын түсіндірді.
Ержан Көшкімбай отбасыдағы татулық пен бірліктің, ата - ананы құрметтеудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол: «Үйдің тірегі - берік отбасы» дегендей, отбасы құндылықтары берік болса, қоғам да мықты болады деді. Отбасы - адам баласының тәрбиеленетін және өмірге дайындығын алатын алғашқы мектебі екенін ерекше баса айтты. Сонымен бірге, отбасы мүшелері арасындағы түсіністік пен махаббаттың, бала тәрбиесінің исламдағы орнына қатысты терең ойларымен бөлісті.
Имам өзінің уағызында Пайғамбарымыздың Мұхаммед с.ғ.с хадистерінен мысалдар келтіріп, ата - ананы құрметтеу, баланы жақсы тәрбиелеу және ерлі - зайыптылар арасындағы сыйластықты нығайту сияқты негізгі ислам қағидаларын атап өтті. «Отбасы - қоғамның алтын діңгегі» екенін, сондықтан әр отбасының берекелі болуы - бүкіл халықтың бақыты деп түсіндірді.
Кездесуге қатысқан ауыл тұрғындары насихаттан рухани пайда алып, отбасы берекесін сақтау мен нығайтуға деген ынталарын білдірді. Олар мұндай діни - рухани кездесулердің қоғамдағы ынтымақ пен татулықтың артуына, жастардың дұрыс тәрбиеленуіне үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
Алдағы уақытта да Айдарлы ауылының тұрғындары мен мешіт ұжымы отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған осындай кездесулерді жүйелі түрде өткізіп, қоғамдағы береке - бірлікті нығайтуға бар күшін салуға ниетті екенін көрсетті.
Мойынқұм аудандық мешітінің баспасөз қызметі