Белгілі ғалым Ибн Абидин: «Пайғамбарымыздың туған күнін атап өту рұқсат екенін әрдайым білу керек. Бұл күні Алла Елшісінің өмір жолы мен мұғжизаларын танып білу үшін жиналу – мұстахаб», – деген. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Қордай ауданында өткен «Берекет сыры» атты мәуліт кешіне арнайы шақыртумен қатысты.
Жиналған жамағатты Мәуліт айымен құттықтап, сөз сөйлеп, дініміздің құндылықтарын, дүниенің тепе-теңдігін сақтаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ көпшілікке ғибратты насихат айтып, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сара жолын және Оның сынақтарға толы ғұмырын еске салды. Алла Тағала баршамызға Мәуліт мерекесін құтты етіп, жүрегіміздегі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілікті арттырғай!
Алла Елшісін шынайы тану арқылы Оның сүннетімен жүруді нәсіп етсін! Адамзаттың асыл тәжі, пайғамбарлардың имамы Мұхаммедке Жаратқан Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болсын! Қасиетті Мәуліт айында баршамызға ізгі амалдарды көптеп орындап, құлшылықтарға бекем болуға Алла Тағала жәрдем берсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі