Аудандық "Бәйдібек" мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев Гродиково ауылы, "Арынғазы" мешітінің жамағатымен кездесті. Кездесу барысында ұстазды құрметтеуге байланысты "Ұстаз - атаңнан ұлық" тақырыбында уағыз- насихат айтты.
Имам насихатын: "Ұстаздық ету – үлкен қайрат пен жігерді, ұстамдылық пен сабырлықты қажет ететін мамандық. Хазреті Әли (Алла оған разы болсын): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», – деп, бір әріп болсын үйреткен адамға адам баласы алғыс білдіруі тиіс екендігін айтқан. Сол себепті де әр адам білім үйретіп, ісімен үлгі болып жүрген ұстаздарды құрметтеп, сыйлай білуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шынында ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды.
Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені», – деген. Алла Тағала ұрпағымызға пайдалы білім беріп жатқан ұстазарымызды аман-есен етіп, дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!" деп батасын беріп аяқтады.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі