Қызылдихан ауылы, "Махат ата" мешітінің молдасы Ескендір Чалиев жамағатқа "Дін мен дәстүр" тақырыбында түсіндірме жұмысын жасады. Молданың сөзінің түйіні мынадай болды: "Өткен заманда салт-дәстүрді сақтамаған адамдарды «салтын білмеген сауапты түсінбейді» деп заң негізінде жазалап та отырған. Қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып бұлжымас заң рөлін атқарды.
Құран-Кәрімде Алла Тағала ешқашан да әр ұлттың өз салтына тыйым салмаған: «Ей адамдар ! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді білсін деп сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттық»,- дейді. Бұл аятттардың астарында ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен салт-санасына құрметпен қарау жатыр. Ұлт болғасын оның өзіне тән салты мен ғұрпы болары анық.
Ислам ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады немесе қабылдамайды деген пікірлер ата дінімізді жете түсінбегендіктен туады. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады. Еліміздегі дәстүрлі Ислам діні Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтарына қарсы емес, керісінше игілігіне, ел бірлігіне қызмет ету керектігін түсінуіміз қажет."
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі