Жұма – мұсылман қауымы үшін қасиетті күн. Бұл күні мүмін пенде дүние істерінен бойын аулақ ұстап, жүрегін ықыласпен тазалап, Раббысының разылығын үміт етіп құлшылыққа бет бұрады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде: «Жұма күні тазаланып, мешітке ерте барып, құтбаны тыңдап, айтылған уағызға амал етіп, намаз оқыған адамның осы жұма мен келесі жұма аралығындағы күнәлары кешіріледі» деген сүйінші хабар бар.
Осы қасиетті күннің құрметіне Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылы, Самал мөлтек ауданы, «Қордай ауылдық» мешіті имамы Жалил Торсықбайұлының ұйымдастыруымен «Мәуліт жыры» оқылды. Мәуліт жырында ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келуінен бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейінгі ғибратқа толы ғұмыры жырланды.
Бұл жыр – Алла елшісіне деген сүйіспеншілікті жүрекке ұялатып, оны үлгі тұтуға, өмірін өнеге етуге шақыратын рухани қазына. Жамағат Мәуліт жырын тыңдай отырып, Алла елшісіне деген махаббатын күшейтіп, үлкен рухани әсер алды. Басқосу дастарқан басындағы ізгі тілек пен дұғамен жалғасты. Алла Тағала баршамызды Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті үмбеттерінен етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі